Токио олимпиадасы 2 жылдан кейін өтуі мүмкін
Бұған әлемді жайлаған коронавирус инфекциясы себеп болып отыр

2020 жылы Токиода өтетін Жазғы олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы кеңесінің мүшесі Харуюки Такахаси коронавирус қаупіне байланысты төрткүл дүние көз тігіп отырған ең ауқымды жарысты өткізуге қатысты америкалық «The Wall Street Journal» басылымына пікір білдірді.
Такахасидың айтуынша, Олимпиаданы өткізуден бас тарту немесе оны көрермендерсіз өткізу үлкен қаржылық шығынға ұшыратады.
«Мен Олимпиаданы өткізуден түбегейлі бас тартады деп ойламаймын. Кейінге қалдыруы мүмкін. Егер Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) жарысты өткізуден бас тартса, біраз қиындыққа тап болуы мүмкін», - дейді Харуюки Такахаси Олимпиада үшін жұмсалған қомақты қаржыны есепке ала отырып.
Оның ойынша, ең дұрыс шешім - жарысты екі жылға кейінге қалдыру.
Естеріңізге сала кетейік, Токио олимпиадасы 2020 жылдың 26 шілдесі мен 9 тамызы, паралимпиадалық ойындар 25 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған.
2022 жылы Пекинде Қысқы олимпиада ойындары, Катарда футболдан әлем чемпионаты өтеді.