$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«МАЭК» ЖШС қызметкерлері бейнеүндеудегі ақпаратты жоққа шығарды

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында 3 627 адам еңбек етеді

«МАЭК» ЖШС қызметкерлері бейнеүндеудегі ақпаратты жоққа шығарды
фото: Ашық дереккөзден

Кәсіпорын қызметкерлері үндеуде жария етілген кей ақпарат шындыққа мүлдем жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бейнеүндеуде жөндеу жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуге қатысты теріс ақпарат келтірілді. Сондай-ақ  жөндеу зауыты қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі сынға ілігіп, дәйексіз ақпаратқа жол берілді.  Жөндеу зауыты жұмыскерлері энергокомбинаттың іркіліссіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мүмкіндігінше қызмет етуде. Қолданыстағы құрал-жабдықтардың тозуына байланысты төтенше жағдайлар орын алатыны жасырын емес, алайда олар  мүмкіндігінше қысқа мерзімде жойылады.

Комбинат әкімшілігі облыс әкімдігімен бірлесіп, комбинат жұмысын қаржыландыру және қолдау мақсатында жүйелі жоспар негізінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырады.  Әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат ел арасында дүрбелең туғызады. Ал бұл өз кезегінде мекеменің  жұмысына кері әсерін тигізеді», - деді «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС жөндеу зауыты бас инженерінің орынбасары Қалижан Қабдулов.

Бейнеүндеуді жолдағандар «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС басшылығы мен кәсіподақ өкілдері және қызметкерлердің қатысуымен кездесулер өткізіп, еңбек жағдайларын жақсарту және еңбекті қорғау мәселелері талқыланатынын атап өтті.

Сонымен қатар жұмысшылар наразылығын тудырған маңызды мәселелерді қарау және шешу мақсатында энергокомбинатта ай сайын қоғамдық кеңес өткізіледі және де кәсіпорын басшылығы азаматтар мен қызметкерлерді апта сайын қабылдау жүргізеді.

Ал құрылған Telegram чат арқылы қызметкерлер өз пікірлерін білдіріп, сұрақтар қоя алады. Қажет кезде өз ұсыныстарын білдіреді.

Бүгінгі таңда «МАЭК» ЖШС мекемесінде 3627 адам еңбек етеді. Кәсіби білікті қызметкерлер комбинатқа қарасты нысандардың өндірістік жабдықтарына қажетті жөндеу жұмыстарын сенімді әрі тиісті деңгейде жүргізеді.

«Өңір халқын ауыз сумен қамтып отырған іргелі  кәсіпорынның іркіліссіз жұмысын жүргізіп отырған ұжымның басты талабы – моральдық-психологиялық ахуалдың тұрақтылығы.

Қазіргі таңда «МАЭК» ЖШС мекемесінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподақ ҚБ және «Yntymaq» бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметін жүргізеді. Бейнеөтініштегі авторлардың да бір бөлігі, осы ұйымның қатысушылары.

МАЭК-тегі жұмысшылардың орташа жалақысы – 271 000 теңге. 2022 жылғы наурызда өндірістік қызметкердің жалақысы 30%-ға өсті (комбинат басқармасының басшылары мен қызметкерлерін қоспағанда), сондай-ақ бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақыларын және мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге 10 және 25 АЕК мөлшерінде сыйақылар төлей отырып мәселе шешілді», - делінген хабарламада.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап кәсіпорын басшылығы кәсіподақ өкілдері мен қызметкерлердің қатысуымен тұрақты негізде кездесулер өткізеді. Онда еңбек жағдайларын жақсарту және еңбекті қорғау мәселелері талқыланады.

Мәселен кездесулердің қорытындысы бойынша мынадай мәселелер шешілді:

  • 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап жалақысы төмен 540 қызметкердің айлығы 35% - ға өсті.
  • Қызметкер қайтыс болған жағдайда біржолғы материалдық көмек мөлшері 100 АЕК-ке, ал қызметкердің отбасы мүшелеріне төленетін қаржы 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
  • Сонымен қатар, алғашқы неке қию кезінде 30 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек төлемі енгізілді;
  • Энергетика күніне арналған сыйлықақы мөлшері 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;
  • Республика күні мерекесіне орай 25 АЕК мөлшерінде сыйлықақы төлеу енгізілді.
Серіктес жаңалықтары