Алаш ардақтыларының есімдері ұлықталды
Шара Павлодар қаласының орталық кітапханасында өткізілді
Биыл өңіріміздің руханияты үшін айтулы жыл. Алаш ардақтылары Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірге келгеніне 130 жыл толып отыр. Осыған орай, «AMANAT» партиясының «Ұрпаққа аманат» партиялық жобасының аясында Алаш ардақтыларының есімдері ұлықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еліміздің көрнекті тарихи тұлғаларының өмір жолы мен шығармаларын кеңінен Торайғыров Университетінің профессорлары: филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы Айтмұхамет Трушев пен мәдениеттанушы, профессор Салтанат Әубәкірова насихаттады.
Қоғамдық дәрісті ашқан «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова жас буынға бабалар шығармаларын бойына сіндіру бәрімізге артылған міндет екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы ұлттық сананы қалыптасыру үшін ата-бабаларымыздың шығармаларын, еңбектерін, тарихын халыққа кеңінен тарату үшін бірнеше жобаларды қолға алды. Жас буын заңғар тұлғалардың өмірлік жолын өздеріне үлгі етіп, олардың шығармаларымен таныстыру біздің мақсатамыз, - деді ол өз сөзінде.
Дәрісті жиналған қауымға оқыған Айтмұхамет Трушев заңғар тұлғаларымыздың өмірлік жолы мен Мәшһүр Жүсіптің «Бес қымбатын» сөзге тиек етсе, ал Салтанат Әубәкірова олардың шығармаларына кеңінен тоқталды.
«Менің ойымша, біз осы еңбектердің бәрін өзге тілге аударуымыз қажет. Мысалы, Торайғыровтың «Адасқан өмір» деген поэмасында сәби шағын, екіншісі – жігіт шағын, үшіншісі – ұлғайған, тоқтаған кезін, төртіншісі – кәрілік кезін, бесіншісі – өлген мезгілін суреттелген. Торайғыров 27 жасында өмірден өтті. Қазіргі таңда жастар не істеп жүр, қоғамға қандай пайдасы бар, өздеріне қалай есеп береді осындай ойларға осы еңбекті оқу арқылы түсінуге болады деп ойлаймын», - деді Айтмұхамет Трушев.
Жиынға сондай-ақ, зиялы қауым, депутаттар, әдебиет және тарих пәндерінің жас мұғалімдері мен осы салаға қатысы бар болашақ мамандар қатысты.
Дәріс ары қарай сұрақ-жауап ретінде жалғасты. Жас мамандар Мәшһүр Жүсіп пен Жүсіпбек Аймауытовтың хат алмасуы, Абай мен МәшһүрЖүсіп кездесті ме, Торайғыров неге ерте өмірден озды, МәшһүрЖүсіптің 41 жылға дейін денесінің бұзылмауы деген сияқты сұрақтарын өз ісінің мамандарына қойды.
«Мысалы, қазір оңтүстіктен шыққан ел басшыларын, ақындарды, шешендерді олардың кітаптарын, мақалаларын солтүстіктегілер біліп отыратыны секілді. Мәшһүр Жүсіптің олармен кездескені туралы Рамазан Тоқтаров «Абайдың жұмбағында» да жазады. Онда: «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Абайдың ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда көңіл айтуға барып, кіріп келді. Сонда Абай: «Мәшһүр досым, «Құдай қайда?» дейді. Сонда Мәшһүр жүрегін көрсетіп «Жүректе» депті. «Рас, Мәшһүр екенсің. Онда менің оң жағыма кел» деп, оны оң жағына отырғызыпты. Одан кейін Мәшһүрге: «Ай мен күннің арасына жел кірсе не тұтылады?» депті. Мәшһүр: «Ай тұтылады» депті. Ал, «Күн мен жердің арасына ай кірсе не тұтылады?» десе «Күн тұтылады» депті. Ал енді «Мәшһүр Жүсіп екеуміздің арамызға сөз кірсе не тұтылады?» дегенде, «Жүрек тұтылады» деген екен», - деп келтіреді ғалым жазушының кітабынан үзіндіні.
Ал А.Байтұрсынов атындағы ЖОББМ әдебиет пәнінің мұғалімі жас маман Абдулла Нұрланұлы осындай іс-шаралар жиі өткізілсе деген тілек білдірді.
«Мен өзім Шымкент қаласынан 2015 жылы Павлодарға оқуға түстім. МәшһүрЖүсіп Көпейұлын біздің жақтарда көбі біле бермейді. Мен өзім Павлодарға келген соң ол кісінің еңбектерімен таныстым. Жастардың қазіргі кезде кітапқа, тарихқа деген қызығушылықтары аз. Осындай кездесулер мен танымдық лекциялар жиі өткізілсе дейміз. Дәрісті ұйымдастырған партияға алғысымды білдіремін», - деді ол өз сөзінде.
Шара Павлодар қаласының орталық кітапханасында өткізілді.