Моңғолияда алғаш рет коронавирус жұқтырған адам тіркелді
Ол – осы елде жұмыс істеп жүрген Франция азаматы
COVID-19 вирусы тараған елдердің қатарына Моңғолия қосылып отыр. Бүгін аталған елде жұмыс істеп жүрген Франция азаматынан қауіпті аурудың белгілері анықталды. Бұл туралы жергілікті Монцамэ порталы жазды.
57 жастағы француз жүз шақты адаммен байланысқа түсіп үлгерген. Қазір олардың 42-сі карантинге жабылды. Ал, коронавирус тіркелген Дорногов ауданында азаматтардың жүріп-тұруына уақытша тыйым салынды.
«Баян-Өлгей аймағының бір тұрғыны коронавирус жұқтырған француз азаматымен ұшақта бірге отырғандықтан оқшауланды. Ол алты күн Улан-Батор қаласында жүріп, 8 наурызда Баян-Өлгейге ұшып келген. Аталған азамат оқшауланып, бақылауда отыр. Алайда одан вирус анықталған жоқ», - деді Баян-Өлгей аймағы мамандандырылған инспекция бастығы Б.Мұхамед.
COVID-19 коронавирусының елде тіркелгенін Моңғолияның мемлекеттік төтенше комиссиясы да растаған. Науқас Франциядан 2 наурыз күні Моңғолияға Мәскеу арқылы транзитпен келген. Қазіргі уақытта ол карантинге алынды. Науқастың хал-жағдайы тұрақты деп бағаланған. Сондай-ақ, шетелдікпен байланыста болды деген моңғолиялық екі азаматты билік жауапкершілікке тартпақ. Себебі, олар мамандардың кеңесіне немқұрайлы қарап, карантин жарияланған Дорногов аймағынан кетіп қалған (Монғолиядағы аумақтық-әкімшілік атау). Екі азамат та ережелер мен карантинді бұзғаны үшін жауапқа тартылмақ.