Коронавирус: Иран түрмелерінен 70 мың адам босатылды
Ирандық түрмелерде жалпы саны 240 мың адам отыр
Иран билігі елде COVID-19 коронавирусының жаппай тарай бастауына байланысты түрмеде жатқан 70 мыңға жуық сотталушыны босатты. Бұл туралы елдегі сот билігінің ресми өкілі Голямхосейн Эсмаили мәлімдеді, деп жазады Tasnim агенттігі.
Мұндай шара сотталушыларға толып қалған түрмелерде аурудың кеңінен тарау қаупін азайту үшін қабылданған.
«Бұдан біраз уақыт бұрын Иран билігі аурудың алдын алу мақсатында сотталушылардың туыстарымен кездесуіне тыйым салған болатын. Сондай-ақ, сотталушылар аса қажеттілік болмаған жағдайда, өздеріне қатысты сот істеріне шақыртылмайтын болды», – деп хабарлайды Би-би-си.
Кейінірек, елде ауру жұқтырғандар саны көбейген уақытта ондаған мың сотталушының уақытша босатылатыны хабарланған еді. Аталмыш науқан бес жылдан аз жаза арқалағандарға ғана қатысты болды.
Жыл басындағы деректерге сүйенсек, ирандық түрмелерде жалпы саны 240 мың адам отыр.
Бүгінде Иран COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейінгі орында тұрған елдердің біріне айналды. 10 наурыздағы деректерге сүйенсек, елде ауру жұқтырғандар саны 7,1 мың адамға жетті, олардың 237-і көз жұмды. Ал 2,3 мың адам ауруынан айығып, ауруханадан шығарылды.
Вирустың жаппай таралуына байланысты елде мектептер мен жоғары оқу орындары уақытша жабылып, жол-көлік қозғалысына шектеу қойылды.