Қостанай облысында балық қырылып жатыр
2 күннің ішінде ол жерден жарты тоннадан астам өлі балық жиналған
Қостанай облысының Заречный елді мекені қасындағы шағын көлдің балығы қырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
2 күннің ішінде ол жерден жарты тоннадан астам өлі балық жиналған. Су бетінде қалқыған жел-безек өлексесі әлі бітер емес. Оларды сүзіп алуға жергілікті әкімдік өкілдері де тартылған. Балықтың жаппай қырылуына көлдің таяздығы мен мұздың қалыңдығы себеп дейді мамандар.
Тіпті түбіне дейін қатқан су айдындары бар екен. Сондықтан мұндай жағдай әр жерде қайталануы мүмкін. Ал балық өлекселері іріп-шірей бастағандықтан, ветеринарлық-санитарлық тексеріс жүргізудің қажеттілігі болмапты.
«Ал судың сынамасын Экология департаментінің зертханасына жібердік. Балық өлекселері өртеу арқылы жойылады. Оның өзінің тәртібі бар. Тиісті мемлекеттік органдар хабарланып, «Ветеринария» мекемесі осы міндетті атқарады», - деді Тобыл-Торғай облысаралық бассейіндік инспекция басшысы Серік Бейсембаев.