Алматы облысында колонияда отырып интернет алаяқтықпен айналысқан адам анықталды
Зардап шеккендерге келтірілген залалдың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асады
Алматы облысындағы колонияда сотталған адам екі жылдан аса уақыт бойы интернет алаяқтықпен айналысқан. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметінше, сотталған адам 2020 жылғы маусымнан биыл қаңтарға дейін 200-ге жуық алаяқтық жасаған. Зардап шеккендерге келтірілген залалдың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асады. Қылмыс түзеу мекемесінде ұялы телефондар мен ұялы байланыс операторларының түрлі SIM-карталары арқылы жүзеге асырылған.
«Бұл дерек 2023 жылғы 2 наурызда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағында көзделген құқықбұзушылық бойынша мамандандырылған прокуратурада тіркеліп, Қонаев полиция басқармасының тергеу бөлімшесіне берілді», - деді облыстық прокуратура өкілі.
Тергеу барысында сотталған адамнан екі ұялы телефон және 41 SIM-карта тәркіленген.