Францияда зейнет жасының ұлғайтылуына қарсы шеруде 169 адам ұсталды
Парижде 122 адам қамауға алынды
Француз полициясы зейнетақы реформасына қарсы наразылық шеруі кезінде 169 адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Le Figaro басылымының жазуынша, реформаға қарсы шыққандар зейнет жасының ұлғаюына наразылық білдіріп шеруге шыққан. Наразылық акциялары Парижден басталып, елдің Лион, Нант және Брест қалаларында жалғасты.
Шеру соңы полициямен қақтығысқа ұласып, манифестанттар қоқыс жәшіктерін өртей бастаған. Полицейлер шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған.
Франция ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, сенбі күні елде 169 адам ұсталған. Оның ішінде Парижде 122 адам: 12-сі Келісім алаңында және тағы 110-ы Италия алаңында қолға түскен. 13-ші аудан аумағындағы шерушілердің жалпы саны 4 200 адамды құрады.
Сенбі күні Келісім алаңында шеруге шығуға тыйым салынды. Аймақ полиция қоршауына алынды.