Қазақстандықтар сайлау учаскелерінде қалай дауыс беріп жатыр – фоторепортаж

Бүгін, 19 наурыз күні Қазақстанда Мәжіліс және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтіп жатыр

Қазақстандықтар сайлау учаскелерінде қалай дауыс беріп жатыр – фоторепортаж
Коллаж: Azattyq Ruhy

Қазақстандықтар таңғы сағат 07:00-ден өздерінің сайлау учаскелеріне барып, ел болашағы үшін таңдау жасап жатыр. Azattyq Ruhy ел азаматтарының сайлау учаскелерінде қалай дауыс беріп жатқаны туралы фоторепортаж ұсынады.

Айта кетейік, жалпы, Қазақстан азаматтары арасында ең алғаш болып Кореяда жүрген отандасымыз Елнұр Асанов дауыс берген.

«Мен бұл сайлау еліміз үшін экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп күтемін. Трансформация біздің мемлекетіміз үшін қажет, ол елдің дұрыс бағытта дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде азаматтық борышымды орындап, өз үлесімді қосқым келеді. Еліміздің нығайып, өркендеуін тілеймін!» - деді Сеулде жүрген Елнұр Асанов.

БІРІ ТҮЙЕ, БІРІ ВЕЛОСИПЕД МІНГЕН САЙЛАУШЫЛАР

Қазақстанның өз ішінде де азаматтар сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беріп жатыр. Аймақтар арасында Жетісу облысындағы сайлаушылар халықты таң қалдыруда көш бастап тұр десек болады.

Мысалы Талдықорған қаласындағы №419 сайлау учаскесіне бір топ азамат түйемен келіп, дауыс берген. Соңғы 15 жылдан бері түйе асырап отырған жергілікті тұрғын сайлау науқанында конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс берді.

Ал Текелі қаласындағы №445 сайлау учаскесінде жастар патриоттық рухты көтеріп, өз таңдауларын жасады. Олар дауыс беру кезінде қаланың ортасымен әрқайсысы Туды көтеріп, көше бойымен жүріп өтті.

САЙЛАУШЫЛАРҒА НАУРЫЗ КӨЖЕ ТАРАТЫЛДЫ

Мақтаарал ауданының тұрғындары да сайлауға ерекше келбет беріп, науқанға келген азаматтарды Наурыз мерекесімен құттықтап жатыр. 

Аудандағы сайлау учаскелерінде сайлаушыларға наурыз көже ұсынылып, белсенді сайлаушыларға қазақтың ұлттық шапаны мен камзолын кигізіп, түрлі сыйлықтар үлестіріліп жатыр.

«Күн жылынып, табиғат тәтті ұйқысынан оянған сәтте, аспан әлемінде құстардың сайраған әсем әуені сыңғырлап шыққанда халқымыз Наурыз мерекесін ұлан асыр етіп тойлайды. Міне биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында елімізде дүбірлі той, ұлы саяси науқан өтіп жатыр. Отандастарымыз ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлап, болашаққа деген нық қадамдарын жасап жатыр», - деді көпбалалы ана, сайлаушы Сабира Серікбаева.

САЯСИ НАУҚАН КҮНІ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН ЖАСТАР ДА ДАУЫС БЕРДІ

Ал Абай облысында сайлау күні шаңырақ көтерген жастар да саяси науқаннан қалыс қалып жатқан жоқ.

«Біздің шаңырақ көтеруіміз осындай айтулы күнмен тұспа-тұс келіп отырғанына өте қуаныштымыз. Осы күнді Наурыз мейрамына орайластырып таңдаған едік. Дәл сайлау күніне түсіпті. Келешекте елімізде сайлау болып жатқанда шаңырақ көтерген едік деп еске алып отырамыз. Өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік», - дейді Семейде некесін қидырған ерлі-зайыпты.

«КЕЛЕСІ САЙЛАУДА КЕЗДЕСКЕНШЕ»

Ал Алматыда тұратын 103 жастағы ардагер Филипп Губанов сайлауды позитивті көңіл күймен қарсы алды. Қария бұл өзінің соңғы сайлауы емес екенін, Қазақстанның өтетін келесі саяси науқандарда да белсене дауыс беретінін айтып отыр. 

«Менің балалық шағым біздің тарихымыздың қиын кезеңдерімен – соғыспен, аштық жылдарымен сәйкес келді. Тағдыр маған бейбіт өмір мен бақытты күндерді көруді бұйырыпты. Мен бұл өмірді сақтап қалғым келеді, сондықтан бүгін мен еліміздің болашағы үшін дауыс беремін. Мен үшін сайлауға қатысу және дауыс беру – бақыт. Келесі сайлауда кездескенше!» - дейді Филипп Губанов.

САЙЛАУҒА БАЛА-ШАҒАСЫМЕН КЕЛГЕН ОТБАСЫЛАР КӨП

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Қазақстанда әкім, министрлер сайлау учаскелеріне отбасымен келіп дауыс беріп жатыр. «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сайлау учаскелеріне жұбайларын ертіп келсе, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев учаскелерге балаларын ертіп келген.

Қарапайым азаматтар арасында да сайлауға бала-шағасын ертіп келіп, дауыс бергендер көп. Azattyq Ruhy камерасының нысанына іліккен мына бір азамат таңдау жасаған бюллетендерін үш баласына ұстатып, дауыс беру жәшігіне салғызып жатыр.

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінде тұратын «Күміс алқа» иегері Гүлсара Вапаева да сайлау учаскесіне 5 жастан асқан үшемдерін, яғни Ербол, Нұрбол, Іңкәрді ертіп келген.

«Бүгін ерте тұрып, сайлауға келдік. Осындай шешуші сәттен қалыс қалмауымыз қажет деп таптық. Өйткені балаларымыздың ертеңі бүгін сайланатын депутаттарға, олар қабылдайтын заңдарға тікелей байланысты. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен таңдау жасадық», - дейді алтын құрсақты ана.

Жалпы, Орталық сайлау комиссиясының сағат 10:00-дегі мәліметіне сүйенсек, үш сағат ішінде қазақстандықтардың 14,21 пайызы дауыс беріп үлгерген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.