«Бұл – демократияға жасалған қадам»: ТМД байқаушысы сайлау процесі туралы

Azattyq Rýhy

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді

«Бұл – демократияға жасалған қадам»: ТМД байқаушысы сайлау процесі туралы
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy

ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан 61 халықаралық байқаушы Қазақстандағы Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұйымдастыру процесі жоғары деңгейде. Біз Қазақстанда сайлауды бақылаған сайын бұл іс демократияға жасалған қадам деп сеніммен айтамыз. Бүгін де осы ойда боламыз деп үміттенемін», - деді ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар тобының үйлестірушісі Вагаршак Акобян.

Ол дауыс беру күніне дейін барлық партиялардың өкілдерімен, осы процеске қатысатын саяси қайраткерлермен, сондай-ақ азаматтармен кездескенін атап өтті.

«Негізінен бәрі заң бойынша қатаң түрде жүреді. Бүгін дауыс беруге қатысатын азаматтар сайлау соңында олардың дауысы шынайы есептелетініне сенімді бола алады», - деп қосты Вагаршак Акобян.

ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкийдің айтуынша, дауыс беру ТМД елдеріндегі демократиялық сайлау стандарттарының конвенциясына сәйкес өтуде. Сондай-ақ миссия тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД және басқа елдерде, соның ішінде Кореяда, Қытайда, Бельгияда дауыс беру барысын бақылайды.

«Бұл бізге сайлау учаскелеріне ғана емес, сонымен қатар шетелде ашылған сайлау учаскелеріне де жеткілікті объективті қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қазақстандағы біздің топ 61 адамнан тұрады, бұл объективті көріністі анықтауға мүмкіндік береді. Таңертең біз учаскелердің ашылуына барып, дауыс беру мен дауыстарды санау аяқталғанға дейін боламыз. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының дауыстарын алдын ала есептегеннен кейін біз де мәлімдеме жасай аламыз. Парламентаралық Ассамблеяның халықаралық байқаушылар топтары ТМД-ның жалпы миссиясында жұмыс істейді, сондықтан ТМД-ның бүкіл миссиясынан жалпы мәлімдеме болады», - деп түсіндірді ол.

2023 жылғы 19 наурызда таңғы сағат 7-де Қазақстанда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру басталды.

Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатысады. Сайлау тізіміне 12 миллионнан астам азамат кіреді.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.