Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы: тексеру барысында 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды
602 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Муксімов мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды қамтамасыз ету аясында 756 тексеріс жүргізіліп, 46 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. 602 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 305 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Агенттік жанында сервистік мемлекеттік аппараттын қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері бойынша консультативтік-сараптамалық топ құрылды. Сараптамалық топта мақұлданған ұсыныстар мемлекеттік органдарға шешім қабылдауға жіберіледі. Ақпараттық жүйелердің жұмысына жүргізілген мониторинг нәтижесінде Цифрлық даму министрлігі анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Жоспарда порталда жұмыс істемей тұрған 25 электрондық қызметті қалпына келтіру, 9 қызмет бойынша ақпараттық жүйелердің функционалын пысықтау, 11 дерекқорды ықпалдастыру көзделген», - деді С.Мүксімов.
Сондай-ақ, талдау және мониторинг негізінде 21 орталық мемлекеттік органға және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бұзушылықтардың алдын алу және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған 1200 астам ұсыныс жіберілді.