Бүгін елімізде жауын-шашынды ауа райы болады, кей өңірде қар жауады
Республика бойынша тұман түседі

Синоптиктер 9 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгін елімізде қар, жаңбыр түріндегі жауын-шашын жауады, екпінді жел соғып, көктайғақ болады. Қазақстанның шығысында және оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Республика бойынша тұман түседі», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Республиканың басым бөлігінде температуралық фон айтарлықтай өзгермейді, тек солтүстік, орталық, шығыс облыстарда түнде ауа температурасы 5-18 градус аязға дейін төмендейді.
Астанада көшпелі бұлт шығады, күн райы жауын-шашынсыз болады. Күндіз ауа температурасы -1 градус, түнде -10 градус болады.
Алматыда күн бұлтты, кей жерлерде жаңбыр жауады, термометрлер түнде 4-6, күндіз 8-10 градус жылыны көрсетеді.
Шымкентте синоптиктер ауа райы бұлтты, жауын-шашынсыз болады деп болжайды. Ауа температурасы күндіз 15-17, түнде 5-7 градус жылы болады.