«Қазандық» немесе «Қара касса»: СҚО-да тергеу жүргізіліп жатыр
Петропавлда алаяқтық фактісі бойынша екі қылмыстық іс тергелуде

Петропавлдың полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде кең тараған «Қазандық» немесе «Қара касса» ойындарына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабаралайды Polisia.kz.
Медиа-порталдың хабарлауынша, Петропавлда алаяқтық фактісі бойынша екі қылмыстық іс тергелуде.
«Қалалық полицияға WhatsApp желісінің тобына кіріп, 14 300 теңгеден берген әйелдерден өтініш түсті. Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғыны мен Көкшетау қаласының тұрғыны өз ақшасын тез арада көбейтіп алуға және қосымша табыс табуға үміттеніп, алданып қалған. Өтініш берушінің айтуынша, топ әкімшісі оны ойынға шақырған. Қажетті қатысушылар санын жинап, топтан шығып кеткен. Ал қалғандары уәде етілген ақшаны ала алмай қалған», - деп жазылған хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.