ҰҚК: Ақпан айында Қазақстанға шетелден 1,5 миллион адам келді
Денсаулық сақтау министрлігі шетелден келгендердің денсаулығына мониторинг қалай жүргізіліп жатқанын айтты
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 1-29 ақпан аралығында Қазақстанға мемлекеттік шекараның өткізу пункттері арқылы шетелден 1,5 миллионнан астам адам келгенін мәлімдеді. 2 наурыздағы дерек бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен 901 305 адам келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Қазір Қытайдан және өзге де шекаралас елден келген азаматтарға мониторинг жүргізіліп жатыр.
«2020 жылдың 6 қаңтарынан 28 ақпанына дейін елімізге Қытайдан 32 456 адам келді. Осы аралықта денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті санитариялық-карантиндік пункттердің мамандары мамандары халықаралық әуежайлар мен теміржол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункттерінде 32 456 адамды тексерді», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, медицина ұйымдары шетелден келген азаматтарды 3 санатқа бөліп, денсаулығына мониторинг жүргізіп жатыр.
«COVID-19 вирусына зертханалық тексеруден өткендер саны – 969 адам, оның ішінде Қытайдан эвакуацияланған 524 адам бар. 358 адам стационарға жатқызылған. Оның ішінде 2020 жылдың 23 ақпанында Жапониядан келген 20 адам бар. 85 адам өзге елден келгендермен байланыста болғандықтан тексеруден өтті. Ешкімнен вирус табылған жоқ. Соңғы тәулікте 2 адам тексеруден өтті, олардың да нәтижелері теріс», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.