СҚО кардиоорталығы сандық ангиографпен толықты
Мамандар оның нисультты емдеуде таптырмас қондырғы екенін атап өтті
Солтүстік Қазақстан облысының кардиологиялық орталығының матералдық-техникалық базасы сандық ангиографпен толықты. Бұған дейін өңір тұрғындары мұндай аппараты пайдалану үшін Нұр-Сұлтан, Ресей Федерациясының Омбы қалаларына баратын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Аталған кардиологиялық орталықта жылына 1,8 мың коронарлық зерттеу жүргізіледі. Орта есеппен 850 стенд, 200 аортокоронарлы шонтылау операциясы жүзеге асырылады. 70-тен астам емделушіге жүрек клапанымен байланысты ота жасалады.
Аппарат адам ағзасындағы кез келген қан тамырларының үшөлшемдік бейнесін түсіріп алуға мүмкіндік береді. Мамандар оның нисультты емдеуде маңыздылығын ерекше атап өтті. Аппараттың көмегімен аурудың асқынуының алдын-алуға болады.
«Бұл аппарат өзі автоматты түрде суретке түсіреді. Ол зақымданған тамырларды көрсетеді. Бұл процедураны бірнеше рет қайталаудың қажеті жоқ. Адами және техникалық фактор жоқ», - дейді кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Мақсат Құдратоллаев.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жаңа техникамен танысты. Оны сатып алуға 467 миллион теңге жұмсалған болатын.
«Кардиологиялық орталықта заманауи сандық ангиограф орнатылды. Соңғы үлгідегі қондырғы инсульт пен инфарктты емдеуде үздік саналады. Облыстық ауруханаға да дәл осындай ангиограф қоямыз. Бұның барлығы солтүстікқазақстандықтарға басқа өңірлерге шықпай, сапалы ем алуға мүмкіндік бермек», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Аймақ басшысы наурыз айының соңына дейін облыстық ауруханада магниттік-резонанстық таммограф аппаратының іске қосылатындығын жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 2 МРТ алынады. Келесі жылы екі компьютерлік тамограф қойылады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО