Бас прокуратура құқық қорғау органдарындағы азаптауға қарсы арнайы нұсқаулық шығарды
Азаптауларға жол бермеу бойынша қабылданған шаралар туралы Бас прокуратура хабарлады
Биылғы қаңтардан бастап азаптау қолдану деректері бойынша қылмыстық істерді прокуратура органдары тергеп-тексеруге кірісті. Прокурорлар жұмысын регламенттеу үшін «Прокуратура органдарында азаптаулар туралы қылмыстық істердің сотқа дейінгі тергеп-тексерілуін ұйымдастыру туралы» нұсқаулық бекітілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, барлық құқық қорғау органы мен түзеу мекемелерінде түгелдей бейнебақылауды енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
«Азаптау жағдайлары мен себептерін талдау негізінде «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жазаны орындау сатысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бастандықтарын сақтауды қамтамсыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бірлескен бұйрық жасалып, күшіне енді. Бірлескен бұйрыққа барлық құқық қорғау органдарының басшылары қол қойды. Оның мақсаты – азаптаулар және басқа да тергеп-тексерудің рұқсат берілмеген әдістеріне қарсы әрекеттер бойынша шаралардың тиімділігін арттыру», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Нұсқаулықта құқық қорғау органдарына азаматтарды тек жеткілікті мәліметтер болған жағдайда ғана жеткізу туралы талаптар қаралған.
«Тергеушіден басқа, өкілеттігі жоқ тұлғалардың жеткізілген азаматтармен қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары бойынша қандай да бір сөйлесу, әңгімелесу және сұрақ қоюды жүргізуіге тыйым салынған. Жеткізілген және ұсталған азаматтар шұғыл түрде тергеу әрекеттерін жүргізу үшін арнайы кабинеттерге жөнелтілуі қажет. Арнайы кабинеттер стандарт бойынша бірінші қабатта, айқын қабырғалармен, бейнебақылау камераларымен жасақталады. Ұсталғаны туралы дереу оның туысқанына немесе тиісті тұлғаға хабарлануы тиіс, олардың байланыс мәліметтері хаттамада көрсетілуі қажет», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ азаматтарды ұстау, жеткізу және алып келу негізділігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаптаулар мен басқа да қатаң, адамгершіліксіз немесе намысты таптауға жол бермеуге аумақтық құқық қорғау органдары басшыларының жеке жауаптылығы бекітілді.
«Айғақтарды жинау, жауап алу және қажетті сот сараптамаларын тағайындау бойынша кейінге қалдырылмайтын тергеу әрекеттерін жүргізу үшін азаптаулар жасалған орынға прокурордың дереу шығуы бойынша талаптар қойылды. Осылайша, құқық қорғау органдарымен бірлескен бұйрықты іске асыру – азаматтардың құқықтарын қорғауды арттырады дейді прокуратура өкілдері.