Көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген дизель отынының құны бекітілді
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отынын алу үшін жеке ПИН-кодтар болады

Биыл көктемгі егіс жұмыстарына барлығы 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Құны тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болмақ. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министрдің мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстарының ақпан-мамыр айларында дизель отынын біркелкі үлестірудің графигі бекітілді, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дизель отынын алу үшін жеке ПИН-кодтар болады.
«Мұнай өңдеу зауытынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дейін дизель отынын жеткізу құнын оператор дербес айқындайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің операторлары шарттарға, өтінімдерге, төлемдерге қол қоюды аяқтағаннан кейін және Мұнай өңдеу зауытына вагон-цистерналар қойғаннан кейін Мұнай өңдеу зауыты дизель отынын тиеп-жөнелтуді бастауға дайын», - деп сендірді министр.
Биыл да былтырғыдай бұл мақсаттарға бюджеттен 140 млрд теңге несие көзделген. Жеңілдетілген бағамен 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге және субсидиялар түрінде 87 млрд теңге қарастырылған.
Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуы тиіс екенін ескертті.
«Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға барынша қатаң шара қолдану керек. Аумақтар бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы және жанар-жағармайға қажеттілігі бар шаруалардың деректер базасын құру қажет. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы керек», - деді Смайылов.