$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Нүктесін қоятын уақыт жетті»: Премьер-министр газдандыру жұмысының баяулығын сынға алды

Солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың түрлі нұсқасы пысықталып жатыр

«Нүктесін қоятын уақыт жетті»: Премьер-министр газдандыру жұмысының баяулығын сынға алды
Фото: orda.kz

2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов өз баяндамасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Елдің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру мақсатында Энергетика министрлігі әртүрлі нұсқаны пысықтап жатыр.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу (құны 188,5 млрдтеңге) арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыру ұсынылады. Шығыс өңірлерді газдандыру үшін министрлік 2 нұсқаны қарастыруда.  Бірінші нұсқа – «Қостанай-Астана-Павлодар-Семей-Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу. Бұл қомақты қаражат құюды (2022 жылғы бағамен шамамен 778 млрд теңге) талап етеді (орта есеппен 7-10 жыл қажет). Екінші нұсқа – Қазақстан мен Ресейдің газ саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі жол картасы шеңберінде Ресей Федерациясынан газ импорттау. Бүгінгі таңда QazaqGaz «Газпроммен» бірлесіп Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы халықаралық газ құбырын салу мәселесін зерделеу үшін алдын ала ТЭН әзірлеуді пысықтап жатыр», - деді Ақшолақов.

Сондай-ақ ведомство басшысы бюджет қаражаты есебінен биыл жалпы құны шамамен 75 млрд теңгені құрайтын «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-тізбегін және Ақтөбе қаласында 3-тізбегін салу басталатынын айтты.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта тауарлық газды тұтыну 19,3 млрд м3 құрады. Ал биыл 20 млрд текше метр болады деген болжам бар.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Энергетика министрінің баяндамасынан кейін өңірлерді газдандыру жұмысы бойынша бірқатар мәселеге тоқталып өтті.

«Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл өңірлердің тұрғындары «газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат» деп шағымданады. Ал Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келеді. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр. Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында газ 2014 жылы өткізілген, бірақ осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған. Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Алматыда ЖЭО-2-де жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегеріліп қалды. Өңір әкімдері мен «Қазақгаз» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Мемлекет басшысы еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың тиімді нұсқасын таңдауды тапсырды. Смайыловтың айтуынша, Энергетика министрлігі мен QazaqGaz-да әлі күнге дейін толық нақты жауап жоқ.

«Бұл мәселенің нүктесін қоятын уақыт жетті. Сондықтан Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қарастырылып отырған нұсқалар бойынша 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет. Содан кейін оны Энергетикалық кеңестің отырысында қарайтын боламыз», - деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары