Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі: қаза тапқан адамдар саны 12 мыңнан асты

Құрбандар саны әлі де өседі деген болжам бар

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі: қаза тапқан адамдар саны 12 мыңнан асты
Фото: bbc.com

Түркия мен Сириядағы жойқын қос жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 12 мың адамнан асып кетті. Адамдардың үйінді астында жатқанына үшінші күн болғандықтан, құрбандар саны әлі де арта түседі деген болжам бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC News-ке сілтеме жасап.

Құтқару мүмкіндігі уақыт өткен сайын азайып барады. Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 12 мыңнан асты. Зардап шеккендер әлі де үйінділердің астында көп болғандықтан қаза тапқандар саны өседі деп болжанған. Қысқы суық жағдайында оларды қирандылардың астынан тірідей алып шығу мүмкіндігі азайып отыр.

Оппозиция өкілдері де, халық та ел президенті Режеп Тайып Ердоғанды аямай сынап жатыр. Ел үкіметі апатқа қарсы шұғыл түрде қимылдай алмаған. Төтенше жағдайға мүлдем дайын болмай шыққан.  

Магнитудасы 7,8 болатын алғашқы жер сілкінісі дүйсенбіге қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп маңында болды. Бірнеше сағаттан кейін 7,5 баллдық жаңа жерасты дүмпуі тағы қайталанды.

Сирияда алапат апат көпжылдық азамат соғысымен қатар келді. Атыс-шабыстан әбден зардап шеккен көптеген ғимарат жер сілкінісінен кейін жермен-жексен болып, соғыстан онсыз да титықтаған тұрғындарды басып қалды. Түркияның оңтүстігінде Сириядан қашқан көптеген босқын тұрып келді. Олар көбінесе асығыс салынған немесе тозығы жеткен ғимараттарда өмір сүріп жатқан.

Кахраманмараштағы жер сілкінісінен бір тәулік өткен соң қираған ғимарат астынан 14 жастағы жасөспірім шығарылды.

Газиантеп сияқты жерлерде миллиондаған сириялық босқындар тұрды. Жұт жеті ағайынды деген дәл осы сириялықтарға дөп келіп тұр. Соғыс, одан қалса, аштық, тырысқақ сынды сан түрлі аурудан соң жер сілкінісінен халық ауыр зардап шегіп, тағы да қырылып қалды.  

«Бір апат екіншісіне ұласты», - деді британдық «Шекарасыз дәрігерлер» тобының  атқарушы директоры Натали Робертс.

Апаттарды жою бойынша сарапшы, профессор Люси Истхоп ВВС-ге берген сұхбатында зардап шеккендерге көмектескісі келетін адамдарға заттай емес, ақшалай жіберуге кеңес берді.

«Осы сәттегі ең маңызды және пайдалы нәрсе – ақша. Бар күшімен көмектесуге тырысатын үкіметтік емес, қайырымдылық, үкіметтік ұйымдар бар. Оларға тек қазір ғана емес, алдағы жылдарға да қажетті нәрсе – ақша», - деді ол.

Сириядағы саяси жағдайды ескере отырып, БҰҰ-ның гуманитарлық көмек жөніндегі бұрынғы үйлестірушісі Ян Эгеланд Сириядағы саяси қақтығыс тараптарына – Башар Асад режиміне немесе оппозицияға да ақша аудармауға кеңес берді.

«Барлық көмек үкіметтік емес ұйымдар – БҰҰ агенттіктері, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай жүйесі арқылы өтуі керек», - деді ол.

Зардап шеккен аудандардың көпшілігі түріктің Табиғи және төтенше жағдайларды жою басқармасы (AFAD) баяу жұмыс істеп жатыр деп айыптайды. Искендерун тұрғындарының бірі билік оның екі жиенін үйінділердің астынан шығару үшін техниканы қолдануға тыйым салғанын айтты.

«Біз кешке дейін күттік, бірақ ешкім келмеді. Содан кейін біз экскаваторды өз қаражатымызға алдық, бірақ билік оны пайдаланғанымызды қаламады, бізді тоқтатты. Біздің екі баламыз: әпкемнің қыздары Айшегүл мен Илайда үйінділердің астында жатыр», - дейді әйел.

«Егер бұл жағдайға біреу кінәлі болса, ол – Ердоған», - деді Түркияның басты оппозициялық партиясының жетекшісі Кемал Кылычдароғлу.

Ол Ердоған бастаған үкіметті жер сілкінісі кезінде пиар жасады деп айыптады. Ал мамыр айында Түркияда президент сайлауы өтеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.