Биыл белсенділердің арқасында жемқорлыққа қатысы бар 42 қылмыстық іс тіркелген
Белсенділердің атқарған жұмысының нәтижесінде 250 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтқан
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенділері атқарған жұмыстың нәтижесінде былтыр сыбайлас жемқорлық сипатына ие 42 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Дидар Смағұл мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Оның айтуынша, өткен жылы бірлестік 20 млрд теңгеден астам сомаға 1000-нан астам тәуекелі жоғары мемлекеттік сатып алуды анықтаған.
«Шенеуніктер сатып алуды жоғары бағамен жүзеге асыруға тырысқан жағдайлар жиі кездеседі. Егер жалпы алатын болсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылы мемлекеттік сатып алулар бойынша 29 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдей алса, оның ішінде 2,1 миллиард теңгеден астамы біздің күшімізбен бірге анықталды», - дейді Дидар Смағұл.
Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша бірлестік өтініштерінің негізінде барлығы 183 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Түрлі лауазымдағы басшыларға қатысты 122 млн теңгеден астам сомаға айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 517 хаттама жасалды, олар бюджетке өз еркімен төленді. Біздің өтініштеріміз бойынша 2022 жыл ішінде 42 қылмыстық іс тіркелді, олардың көбі сыбайлас жемқорлық сипатында болған», - деді ол.
Осы және өзге де өтініштер аясында заңсыз төленген 250 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылған.