Тұтқындарды азаптау ісі: Астанада ҰҚҚ қызметкерлері қамауға алынды
Сот үш адамға қатысты бұлтартпау шарасын бекітті
Астанада тергеу изоляторындағы тұтқындарды азаптады деп күдіктелген ҰҚҚ қызметкерлері екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Астана қаласы сотының баспасөз қызметі мәлім етті.
«25 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті подполковник Еркін Амановқа, майор Хамит Абдуғалиге, ҰҚҚ Шекара қызметінің қызметкері, капитан К.Б.Сартаевтқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын бекітті», - делінген қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері ҚР ҚП кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
БАҚ бетінде жарияланған мәліметке сәйкес, «алтын» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ ісі бойынша ұсталғандардың туыстары ҰҚК тергеу изоляторында болған азаптаудан туыстарын қорғауды бірнеше рет сұраған.
«Қандай қатыгез азаптаулар болды дейсіздер ме? Олардың аузына су қайнатқыш салып, токқа қосқан, резеңке сойылмен, таяқпен ұрып, жұдырықпен соққылап, наурыз айында салқын судың астына тұрғызып, жалаңаяқ қалпында далаға алып шыққан. Олардың (ҰҚК қызметкерлері – AR) тағы бір әдісі: 20 сағат бойы қимылсыз тұруға мәжбүрлеген, біреуі қозғалса, бәрін ұрып-соққан. Бірнеше күн бойы ұйықтамаған адамдар болған. Мұның бәрін құжатқа қол қою алдында жасаған. Ұсталғандар неге қол қойғанын да білмей қалған. Қабырғалары сынған, өкшесі жаншылған, құлақ қалқаны жарылған бір адамға ота жасалған. Әрқайсының миы шайқалып, кіндік тұсында жарық пайда болған. 46 адам азаптау әрекетінің құрбаны болса, соның ішінде 32-і ұрлық жасады деген күдікпен жүрген біздің жігіттер болған. Ұнамағандардың бәрін арнайы жертөлеге апарып, көрсетпеген қорлығы қалмаған», - деп келтіреді «Информбюро» порталы қамаудағылардың бірінің әпкесі Құралай Өмірбаеваның сөзіне сілтеме жасап.
Еске салайық, 2021 жылдың наурыз айында Семейде алтын рудасын ұрлауға қатысы бар деген күдіктілер ұсталған болатын. Кейін ұсталғандардың туыстары ҰҚК қызметкерлерінің туыстарын қинағанын мәлімдеді.