Субсидия, жер мәселесі, экспортты арттыру: агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың алғышарты

Azattyq Rýhy

Елімізде астық өндірісі анағұрлым артқан

Субсидия, жер мәселесі, экспортты арттыру: агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың алғышарты
Фото ашық дереккөзден

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені – даму бағыттарының маңызды бөлігі. Себебі  ауыл шаруашылығы саласын дамыту елдің әлеуметтік әл-ауқатының кепілі. Жермен жұмыс істеу, шаруалардың жағдайларын жақсарту, мал, өсімдік, егін шаруашылықтарын дамыту үшін қандай бастамалар мен іс-шаралар атқарылып жатқанын бір шолып шықтық, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9,1%-ға артып, 9,3 трлн теңгені құрады. Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 15%-ға  ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.

АСТЫҚТЫҢ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШІ

АШМ-ның мәліметінше, өткен жылғы ауа райының қолайлы болуына байланысты егін жинау науқаны тоқтаусыз өткізіліп, жақсы өнім жиналды. Соңғы 10 жыл ішіндегі ең жоғары түсімдердің бірі алынған екен.

«22,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 39%-ға артық. Сонымен қатар бидайдың жалпы жиналуы 44%-ға артып, 17 млн тоннаны құрады. Жиналған астықтың 80%-дан астамы жоғары сапалы екенін атап өткен жөн. Орташа түсімділік гектарына 8,3 центнер болатын 2,8 млн тонна майлы тұқым бастырылды, оның ішінде орташа өнімділік гектарына 10,9 центнер болатын 1,1 млн. тонна күнбағыс бастырылды», - делінген АШМ мәліметінде.

Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан темір жолының деректеріне сәйкес, астық баламасында 13,2 млн тоннадан астам астық пен ұн, оның ішінде 10 млн. тонна астық экспортталғанын атап өткен жөн. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Сондай-ақ 4 млн тонна картоп және 4,9 млн тонна көкөніс дақылдары жиналды. Жалпы алғанда, әлеуметтік маңызды дақылдарды жалпы жинау қант қызылшасын қоспағанда, республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек қазіргі егіс және егін жинау науқанының сәтті өтуіне мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы көрсету ықпал еткенін айтады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау көлемі 139 млрд теңгеге ұлғайтылды, нәтижесінде мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 2022 жылы шамамен 450 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 20%-ға артық.Өткен жылы дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге, 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша «Жасыл даму» акционерлік қоғамы қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 40 млрд.теңге жеңілдікті кредиттер берілді. Бұл фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, 1072 бірлік техника сатып алынды, оның ішінде 190 комбайн мен 882 трактор», - дейді Әбілхайыр Тамабек.

Ол атағандай, мал шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3,6 трлн теңгені құрап, 0,9%-ға артты.

«Ірі қара мал басы 8,4 млн басты құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 2,5%-ға артық, қой 2,2%-ға жылқы – 7,7%-ға, түйе - 4,6%-ға, құс - 3,8% - ға артты.Жалпы республика сиыр еті, қой еті, жылқы еті және жұмыртқа бойынша толық қамтамасыз етілді, ал құс еті бойынша соңғы 3 жылда импортқа тәуелділікті 51%-дан 35%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Отандық өндіріспен қамтамасыз етуді арттыру мақсатында мал шаруашылығында инвестициялық жобалар белсенді іске асырылып жатыр. Өткен жылы сүт шаруашылығында қуаттылығы 52,4 мың тонна сүт өндіретін 36 тауарлы сүт фермасы, қуаттылығы жылына 41,9 мың тонна етті бағыттағы құс етін өндіретін 7 құс фабрикасы іске қосылды, сондай-ақ шошқа өсіру кешенін жылына 110,0 мың тоннадан 198,0 мың тоннаға дейін кеңейту жобасы іске асырылды», - деді ол.

ЖЕМ-ШӨП ӨҢДЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Өткен жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп Жемшөп өндіру саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын іске асырып жатыр.

Оның нәтижесінде қолайлы ауа-райы жағдайлары мен жүргізілген азық дайындау науқанын ескере отырып, еліміздің барлық өңірлерінде азықпен қамтамасыз ету деңгейі тұрақтанған.

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2022-2023 жылдары қысқа 25,0 млн тонна шөп немесе жоспардың 103,8%-ы, 1,3 млн. тонна пішен немесе жоспардың 104,1%-ы, 1,7 млн тонна сүрлем немесе жоспардың 97,1%-ы, 4,2 млн тонна сабан немесе жоспардың 107,1%-ы және 4,7 млн тонна құнарлы азық немесе жоспардың 90,1%-ы дайындалды.

«Республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 20,0 млрд теңге бөлінді, бұл 234,4 мың тонна астық көлемінде жемшөп қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді», - дейді Әбілхайыр Тамабек.

ЭКСПОРТТЫҢ КӨЛЕМІН АРТТЫРУ

Елімізде мал шаруашылығы өнімдері экспортының географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 Тек 2021-2022 жылдары 575 қазақстандық кәсіпорын экспорттаушылардың шетелдік тізілімдеріне енгізілді және олардың саны 3282-ге жеткізілді. Бұл -ЕАЭО, ҚХР, БАӘ, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Жапония.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктерді ажыратуға, ветеринариялық дәрігердің мәртебесі мен нормативтік жүктемесін айқындауға, жалақыны, қосымша ақылар мен үстемеақыларды ұлғайтуға, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге бағытталған ветеринария мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер пакеті әзірленді. Оны іске асыру депутаттық бастама арқылы көзделеді. Бүгінгі таңда бұл заң жобасы Үкіметтің қорытындысында», - дейді вице-министр.

Өткен жылы ветеринариялық мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 50,3%-ға өскенінен хабардармыз.

Осы жылдан бастап заңнама аясында патогендігі I және II топтардағы биологиялық агенттерімен жұмыс істегені үшін 35% және 50% мөлшерінде қосымша төлемдер және екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру үшін жәрдемақы төленеді.

«Ветеринария жүйесін цифрлық форматқа көшіру бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл ветеринариялық қызметкерлерді қағазбастылықтан босатуға, ақпарат беру процесін автоматтандыруға және жануарларды есепке алуды, эпизоотиялық ахуал мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін мониторингтеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады АШМ-де.

Министрліктің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша үлкен жұмыс жүргізілген.

«Субсидиялау жүйесін реформалаудың негізгі міндеті азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін барынша ескеруге, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін келісілген нұсқасы әзірленді.Сүтке, құс етіне және жұмыртқаға тауарлық-спецификалық субсидиялар бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қарсы міндеттемелерді алу нормасы енгізіледі.

«Негізгі мемлекеттік ақпараттық базалармен интеграцияланған субсидиялаудың тегін мемлекеттік ақпараттық жүйесі енгізіледі. Субсидиялардың қолжетімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге «күту парақтары» енгізілді.Субсидиялау қағидаларының барлық жаңа жобалары бүгінгі күні мемлекеттік органдарда келісу рәсімін өтуде және жақын арада бекітіледі», - деді ол.

ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУ БОЙЫНША ЖҰМЫС

«Жер инспекциясының жұмысын күшейту есебінен Мемлекет басшысының 2022 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн  гектардан кем емес жерді қайтару жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды.Өткен жылмен салыстырғанда тексерулер саны 9 есеге, ал тексерумен қамтылған аумақ 21 есеге өсті.Тексерулер жер пайдаланушыларға жерді игеруді жандандыруға түрткі болды. Олар қазірдің өзінде шамамен 1,8 млн. гектар жерді игеруді бастады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге артық.Халық малын жаю үшін жайылым тапшылығы проблемасын шешу үшін шаралар қабылданып жатыр», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Игірелмей жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке  қайтару бойынша «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы да құрылғанын атап өткен жөн.

АШМ жайылым тапшылығы мәселесін шешу бойынша бірінші кезекте ауылдық елді мекендердің шекаралары мемлекетке қайтарылған жайылымдық алқаптар мен жерлер, сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін алынған жерлер есебінен кеңейтілетінін айтады.

«Ауыл шаруашылығы құралымдарымен олардың жайылымдарын жеке қосалқы шаруашылықтардың уақытша пайдалануы туралы меморандумдар жасалады. Жайылымдарды басқару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде оларға босалқы жерлерден жайылымдық алқаптар бере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы бойынша жұмыс жүргізілуде.Бұдан басқа, биылғы жылдың 11 қаңтарында Үкімет жер пайдалану құқығы бір қолда болуы мүмкін Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын мақұлдады.Республика бойынша орта есеппен, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті мөлшері 35 мың гектар, заңды тұлғалар үшін – 51 мың гектар мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте осы норма енгізілгенге дейін берілген жерлер бойынша тиісті талдау жүргізіледі», - деді АШМ вице-министрі.

Сонымен қатар жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасын тапқан.

 Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдарды айқындауды, жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлар салатын айыппұлдардың шекті мөлшерін ұлғайтуды, сондай-ақ әкімдіктердің лауазымды адамдарының сауда-саттық пен конкурстарды және өткізбеу немесе уақтылы өткізбеу жауапкершілігін анықтауды көздейтін мәселелер бойынша өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді.

18 қаңтарда Заң жобасы Парламент Мәжілісінің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жолданған еді.

Марья Айдарбаева

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.