СҚО-да 85 елдімекенді су басуы мүмкін: әзірлік қалай?

Өңірде 2017 жылы жойқын су тасқыны болған

СҚО-да 85 елдімекенді су басуы мүмкін: әзірлік қалай?

Солтүсік Қазақстан облысында 85 елдімекенді су басуы мүмкін. Биыл теріскейде жауын-шашын көлемі жылдағы мөлшерге сай болғанымен, қардың құрамында ылғал көрсеткіші жоғары. Әрі жердің беткі қабаты 1,5 метрге дейін қатып қалған. Бұл тасқын қаупін күшейтетін факторлардың тағы бірі. Табиғи апатқа әзірлік қалай? Azattyq Ruhy тілшісі зерделеген еді.

СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАЛЫҢ МҰЗ ТАСҚЫН ҚАУПІН КҮШЕЙТЕДІ

Су қоймаларындағы мұздың қалыңдғы әр 10 күн сайын өлшенеді. Есіл өзеніндегі жабын 50 сантиметрге жеткен. Бұл – тасқын қаупін күшейтеді. Өйткені көктемде мұз көбесі сөгілген сәтте, өзенде кептеліс туындайды. Салдарынан су жиналып, арнасынан асады.

«Солтүстік Қазақстан облысының гидрометеорологиялық мониторингін жүргізу үшін 46 бақылау пункті құрылды. Олардың құрамында 11 метеостанция, 5 автоматты метеостанция, 19 гидрологиялық бекет, 11 агрометеорологиялық бекет жұмыс істеп тұр. Өңірдегі су тасқынының ауқымы Есіл арнасын мұздан тазарту үрдісіне де байланысты. Өзенде тегіс мұз болған жағдайда, көп мөлшерде болмаса да ағын су тасқыны қаупін төндіреді. Өзендердегі мұздың қалыңдығы орта есеппен 28-80 сантиметр аралығында. Мәселен Есіл өзені 40-80 см, шағындары 28-68 антиметр. Қалың мұз қабаты су бетінде кептелістің пайда болуына жағдай жасайды, әсіресе шағын өзендерде. Облыстағы су тасқыны көптеген факторларға байланысты. Топырақтың күзгі ылғалдылығы, қысқы кезеңдегі жауын-шашын мөлшері, қар жамылғысындағы ылғал қоры және көктемгі процестердің жүруі. Салыстырмалы түрде жер бедерінің тегіс рельефті болуы еріген қардың елдімекендерге бару ықтималдығын күшейтеді», - дейді «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.

ҚАР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ЫЛҒАЛ МӨЛШЕРІ ЖОҒАРЫ

Биыл жауын-шашын көлемі жылдағы мөлшерге сай. Тек қар құрамындағы ылғалдың үлесі жоғары. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Өйткені, қараша айында қарлы-жаңбыр көп болды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазгидромет» РМК арасында көктемгі су тасқынын болжау кезінде қызметтердің өзара іс-қимылы туралы бірлескен бұйрыққа сәйкес облыс бойынша сайлар мен өзендер бассейндерін бірлесіп тексеру жүргізілуде. Есіл және Ғ. Мүсірепов аудандарында зерттеу жасалды. Кей жерлерде су қоры 187 мм-ге дейін жетеді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 47 пайызға артық. 20 қаңтардағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының өзендерінің бассейндеріндегі жазық аумақтағы қар жамылғысындағы ылғал қорының көрсеткіштері негізінен орташа көпжылдық мөлшерден 15 пайызға жоғары. Өйткені күзгі ылғалдану көрсеткіштері 23-46 пайызға көп. Қардағы су қорының мөлшерін талдай отырып, топырақтың күзгі ылғалдылығы су тасқыны қаупі бар аймақтарға алдын-ала баға берілді. Біздің өңір жоғары тәуекел санатына жатады», - дейді Қымбат Мерғалимова. 

Өңірде 19 гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұр. Ең ірі су қоймалары бақылауға алынды. Мамандардың айтуынша, жер беті 1,5 метр тереңдікке дейін қатып қалған. Көктемде еріген қар топыраққа тез сіңбейді. Болжам бойынша облыста 70 елдімекен қауіпті аймақта тұр.

«Қазгидромет» мекемесі су тасқыны кезеңіне алдын ала болжамды 5 ақпанға дейін, негізгі болжамды 5 наурызға дейін ұсынады. Наурыз айынан бастап гидрологиялық болжам апта сайын жасалады. Гидрометеожағдайлар күрт өзгерген су тасқыны қаупі туралы дауылды ескертулермен алдын ала 2-3 тәулік бұрын хабардар ететін боламыз», - дейді Қымбат Мерғалимова.

Су тасқыны мәселесі Үкімет отырысында да қаралды. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Жағдайды баяндады.

«Облыста су тасқыны қаупін жою жөніндегі 3 жылдық «Жол картасын» іске асыру жалғасуда. Қазіргі уақытта 9 іс-шараның төртеуі орындалды. Қалғаны бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Есіл» өзені арқылы өтетін апатты көпірді күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. Көпір «Қазавтожол» акционерлік қоғамының балансында. Жобаны әзірлеу үшін «Қазавтожол» облыстық филиалы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады. Қаражат бөлінген жағдайда жобалау басталады. Бескөл ауылының ықшам аудандарында арық жүйесін салу жоспарлануда. 2022 жылы ұзындығы 4,5 шақырым арық жүйесін салу жөніндегі жұмыстар жүргізілді, 27 су өткізгіш құбыр орнатылды. Тепличный және Прибрежный ауылдарында қорғаныс бөгетін салу қажет. Жоба әзірленді. Ақпан айында сараптамаға жіберіледі. Су тасқыны қаупі бар 85 елдімекен бақылауға алынды, оның ішінде 8 ауыл су басуы мүмкін аймақта орналасқан. 1 млрд теңгеге облыстық резерв бекітілді. Елдімекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда. Су тасқыны мәселесі тұрақты бақылауда», - деді Айдарбек Сапаров.

Өңірде 2017 жылы жойқын су тасқыны болды. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыс араға ширек ғасырға жуық уақыт салып қайталанған. Жүздеген тұрғын баспаналарын тастап, уақытша пана табуға мәжбүр болды

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.