Жетісу облысында қаржы пирамидасы қағидаты бойынша әрекет еткен алаяқтар тобы ұсталды
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес келтірілген залал 5 млн теңгеден астам
Қаржы пирамидасы қағидаты бойынша әрекет еткен алаяқтар тобын Жетісу облысының полицейлері ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда тергеу материалдарында Қазақстанның әр өңірінен 25 жәбірленуші бар. Талдықорған маңында тұратын ерлі-зайыптылар, сондай-ақ Түркістан облысының Ленгер қаласының тұрғындары топ құрамында болған.
Күдіктілер өздерінің алаяқтық әрекеттері үшін Whatsapp мессенджерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, онда бір аптаға жуық уақытқа созылған арнайы чат құрған. Жәбірленушілер банктердің бірінің арнайы шотына 10 мыңнан бастап 100 мың теңгеге дейін ақша жіберіп отырған. Бастапқыда уәде етілген пайданың 50-70%-ы алынған. Екінші мәрте жіберілген үлкен сома, әрине, қайтарылмады.
«Талдықорғандағы шоттан ақшалай қаражат алынғаны белгілі болды. Осыған байланысты жәбірленушілердің арыздары Жетісу полициясында ресми түрде тіркелді. Деректер бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөліміне (Алаяқтық) сәйкес, Талдықорған қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілді. Қылмыстық істе елдің әр аймақтарында тұратын 20-дан астам адам болғанын ескере отырып, фактілерді тергеу бір жылдан астам уақытты алды. Қазіргі уақытта айыптау актісі қылмыстық істі сотқа жіберу үшін дайындалды», – деді Жетісу облысы ПД ТБ аға тергеушісі Азамат Тынысбаев.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес келтірілген залал 5 млн теңгеден астам.