Биыл Қазақстанда шамамен 1 млн адам жұмысқа орналасады – Дүйсенова
Оның ішінде жастар, жұмыспен қамтылмаған азаматтар және мүгедектігі бар адамдар бар

2023 жылы елімізде 1 миллионға жуық адам жұмысқа орналасады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ведомствоның алқа отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Тамара Дүйсенова министрліктің әлеуметтік-еңбек саласындағы қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының 5 стратегиялық бағыты туралы баяндады.
«Үшінші стратегиялық бағыт – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.Қазіргі геосаяси жағдай, жастардың едәуір ағыны, ықтмал жұмыстан босату және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясы – ұлттық еңбек нарығының негізгі сын-қатерлері және халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар. Сондықтан министрлік жұмысының осы бағытының басты мақсаты отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болып айқындалды. Негізгі нәтиже жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер негізінде келесідей негізгі нысаналы контингент қалыптастырылатынын хабарлады:
- екі және одан да көп жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар;
- жұмыс істемейтін жастар; денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істеуге қабілетті мүгедектігі бар адамдар.
Оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі. Шараға қатысуға келісім берген азаматтардың ішінен өңірлерде жұмысқа орналасатын адамдардың тізілімі қалыптастырылады.
Жергілікті атқарушы органдар 15 қаңтарға дейін осы контингентпен жұмыс істеуге бағдарланған өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітеді.
«Жалпы республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында 75 мыңға жуық жұмыс орнын, қаржыландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайтын мемлекет субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарда бар. Құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталады. Бұдан басқа, 6 мың жас азаматқа 5 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микрокредиттер берілетін болады. Ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант беріледі. Зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасын іске асыру жалғаса береді. Жоба аясында жыл сайын кемінде 15 мың адам жұмыспен қамтылады», – деді Тамара Дүйсенова.