ҚР ТЖМ қатты аязға байланысты тұрғындарға үндеу жариялады
Ведомство қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде ел тұрғындарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қатты аяз техногендік өрттердің өсуіне, халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің коммуналдық жүйелеріндегі ақауларға байланысты авариялардың, көлік жұмысындағы бұзылулардың көбеюіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар халық арасында тоңазу, үсіп қалу және өлім жағдайларының көбеюі, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде жағдайлардың нашарлау ықтималдығы бар.
Осыған байланысты, Төтенше жағдайлар министрлігі ауа температурасы өте төмен болған кезде далаға шықпауға, балалардың көшеде жүруіне жол бермеуге кеңес береді.
- Дауыл туралы ескерту алғаннан кейін туыстарыңыз бен көршілеріңізді ескертіңіз, өйткені олар бұл туралы естімеген болуы мүмкін.
- Қатты аяз болған жағдайда далаға шықпаңыз, жеке автокөлікпен ешқайда бармаңыз.
- Егер сізге әлі де сыртта жүру керек болса, үсік алмас үшін қолыңыздан келгеннің бәрін жасауға тырысыңыз.
- Аязды күні далаға қолғапсыз, бас киімсіз және шарфсыз шықпаңыз. Су және суық өткізбейтін, іші жылы биялай киген дұрыс. Табиғи материалдан тігілген қолғаптар ыңғайлы болса да, аяздан сақтамайды. Бет пен иекті шарфпен қорғауға болады. Желді суық ауа райында сыртқа шықпас бұрын, дененің ашық жерлерін арнайы креммен майлаңыз.
- Аязда металлдан (соның ішінде алтын, күміс) жасалған әшекейлерді – сақиналар, сырғалар және т.б. тақпаңыздар. Біріншіден, металл тез суық тартады, соның салдарынан теріге жабысып, адам жарақат алуы мүмкін. Екіншіден, саусақтағы сақиналар қалыпты қан айналымын тежейді. Жалпы, аязда жалаңаш терінің металмен жанасуын болдырмауға тырысыңыз.
- Желден қорғану керек, себебі желде үсіп қалу ықтималдығы әлдеқайда жоғары.
- Табаны сырғанамайтын аяқ киім киіңіз, қажет болған жағдайда табанға жабысқақ лейкопластырь салыңыз.
- Абай болыңыз, әсіресе көшелерден, қиылыстардан өткен кезде, тек «өтуге болады» деген белгісі бар жерден өтіңіз, өйткені жүріп келе жатқан көлікті тоқтату үшін уақыт қажет.
Ведомство өкілдері қатты аяз және көктайғақ кезіндегі жолға шығудың аса қауіпті екенін еске салды.
«Өз өміріңізді сақтаңыз. Балаларыңыздың қауіпсіздігі туралы ойланыңыз», - дейді ТЖМ өкілдері.