Араға кәсіби араңдатушылар қосылды – ІІМ қаңтар оқиғасы туралы

Әсел Оршыбекова

5 қаңтарда сағат 00.30-да алаң мен қала әкімдігіне жаппай шабуыл жасалды

Араға кәсіби араңдатушылар қосылды – ІІМ қаңтар оқиғасы туралы
Фото ашық дереккөзден

Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде 1-3 қаңтар аралығында жиналған азаматтар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтерді. Олардың қатарында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары, Талдықорған, Алматы және Астана қалалары болды. Өкінішке қарай, араға кәсіби арандатушылар қосылып, арты төңкеріске айналды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Мәжілістің жалпы отырысында баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«4 қаңтарда бұған 8 өңірдің тұрғындары қосылды. Олар Шымкент, Көкшетау қалалары, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары. Барлық жерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Диалог орнатылды. Бірақ, өкінішке қарай, араға кәсіби араңдатушылар қосылды. Олар халық атын жамылып, заңсыз талаптар қоя бастады», - деп нақтылады министр.

Ведомство басшысының айтуынша, арандатушылар көпшілікке теріс пікір беріп, басқаруға тырысты, шындықты бұрмалады, популистік ұрандар таратып, жаппай әділетсіздік бейнесін қалыптастырғысы келді.

Алматыдағы бейбіт жиын тәртіпсіздікке ұласты. Қаланың екі жағынан жиналған мыңдаған адам («Алматы-Арена», «Халық-Арена» спорт кешендері) Орталық алаңға бет алды.

«Қоғамдық жаппай тәртіпті бұзу басталды – заңсыз шеру  ұйымдастырылды, қалада кептелістер пайда болды, наразылыққа шыққандардың саны артты. Олар кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатты. Жүргізушілер мен жолаушыларды алаңға баруға мәжбүрледі. Жолда арматурамен, таяқтармен және тастармен қаруланды. Полицияның заңды талаптарына бағынбады. Онымен шектелмей, заңсыз шеруді тоқтатуға жұмылған Ұлттық ұланның 250 әскери қызметкеріне шабуыл жасады. Олардың 30-ы дене жарақатын алды. Оларға көмектесу үшін қосымша қызметкерлер мен СОБР тартылды», - деді министр Ахметжанов.

Осылайша сағат 00.30-да 5 қаңтарда алаң мен әкімдікке қаланың әртүрлі аудандарынан бір уақытта келген мыңдаған адам жаппай шабуыл жасаған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.