Алматыда қаңтар оқиғасынан кейін 2 мың кәсіпкер зардап шеккен
Шығын көлемі 94,8 млрд теңге

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіз пен мародерлікке барғандардың кесірінен Алматыда 2 мың кәсіпкердің бизнесі зардап шекті. Олардың өздерінің есептеуінше келтірілген залал сомасы 94,8 млрд теңге. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жағдай қалыпқа келтірілгеннен кейін біз жедел желі ашып, бизнестің қалай және қандай көлемде зардап шеккені туралы ақпарат жинауды бастадық. 2000-нан астам қоңырау келіп түсті. Алматыда зардап шеккен 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі анықталды. Олардың есептеулері бойынша жалпы шығын көлемі 94,8 млрд теңгеден асқан.
Биыл «Атамекен» ҰКП бастамасымен Мемлекет басшысы жаппай тәртіпсіздіктер мен мародерліктен шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу бастамасын қолдап, нәтижесінде бизнес қауымдастықтың ұсыныстарын ескеретін механизм әзірленді.
Өтіп бара жатқан жылдың ішінде келтірілген залалды өтеу жөніндегі комиссияның 40 отырысы өткізіліп, «InfoKazakhstan» порталына түскен барлық өтініштер қаралды.
16 миллиард 189 миллион теңгеге 1640 өтінім қолдау тапты. Оның ішінде «Жаңа Алатау» қорынан – 1 294,8 млн теңгеге 636 өтініш, бюджет қаражаты есебінен – 14 млрд 894 млн теңгеге 1 004 өтініш»,-деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасынан Қазақстан бойынша 67 ірі бизнес субъектісі зардап шеккен, оның 62-сі Алматыға тиесілі.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бүгінде Алматыда тіркелген шағын және орта субъектілерінің саны 343 мың, ал жұмыс істеп тұрғаны 277 мың. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.