АҚШ пен Канададағы қарлы боран: жүздеген мың адам жарықсыз қалды, қаза тапқандар бар
Қазір АҚШ-тың 12 штатында қолайсыз ауа райы сақталып тұр

АҚШ-та қатты аяз бен нөсер жауын-шашын әкелген күшті қысқы дауыл шамамен 250 миллион адам (ел халқының үштен екісі) тұратын аумақтың басым бөлігіне қолайсыздық туғызды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Қазір АҚШ-тың 12 штатында ауа райы қолайсыздығы сақталып тұр. Суық ауа райы ел аумағының басым бөлігін қамтыған. АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, бұл алғаш рет болып тұрған құбылыс. Қарлы боран солтүстіктегі Канададан бастап оңтүстіктегі Рио-Грандеге дейінгі кеңістікті қамтыды. АҚШ-тағы ауа райының қолайсыздығынан кем дегенде 50 адам қайтыс болды.
Канадада автобустың тайғақ жолда аударылып кетуі салдарынан төрт адамның қаза тапқаны хабарланды.
Дауыл бірнеше күн бойы дүрбелең тудырды, бірақ қазір электр қуаты біртіндеп қалпына келіп жатыр.
Associated Press мәліметінше, жексенбіде түстен кейін 200 мыңға жуық тұтынушы электр қуатынсыз қалды, дауылдың ортасында 1,7 миллион адам болған.
Синоптиктердің болжамынша, қарлы боран алдағы бірнеше күнде басылуы керек, бірақ оның салдарынан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына, қажеттілік болмаса, жолға шықпауға кеңес беріледі.
Ең қайғылы жағдай Нью-Йорк штатында, атап айтқанда, Буффало қаласында болды, ондағы құрбандардың саны өзге штаттардан көбірек. Штат губернаторы Кэти Хоулдың айтуынша, Буффало қаласы соғыс алаңынан кейінгі көрініске ұқсайды. Дүйсенбіде шаһарда ауа райы қолайсыздығынан көз жұмған 25 жағдай тіркелді, бұл – АҚШ-та қаза тапқандардың жартысы. Неліктен бұл қаланың табиғи апатқа дайындығы нашар болғаны әзірге белгісіз.
Қаза тапқандардың көпшілігі жол-көлік оқиғаларының құрбандары болған. Ауа райына байланысты жолдағы жағдайлар айтарлықтай күрделене түскен. Кэти Хоул Буффало тұрғындары өмірге қауіп төндіретін жағдайға тап болғанын атап өтті, өйткені көптеген жедел жәрдем көліктері ең көп зардап шеккен нүктелерге жете алмады немесе өздері қарда қалып қойды.
Демалыс күндері 250 мыңға жуық тұрғын үй мен кәсіпорындар электр қуатын беруде үзілістерге ұшырады. Өлім жағдайларының көбі Вермонт, Огайо, Миссури, Висконсин, Канзас және Колорадода тіркелді. Ең қатты аяз АҚШ-тың батысындағы Монтана штатында байқалды: ауа температурасы -45C дейін төмендеді.
Канадада табиғи апаттан Онтарио мен Квебек провинциялары қатты зардап шекті. Ондағы аяз жүздеген мың адам тұратын үйлерде электр қуатының үзілуіне әкелді.
Канада территориясының басым бөлігі - британдық Колумбиядан Ньюфаундлендке дейінгі территория суық ауа райының ықпалында қалды. Тұрғындарға ауа райының бұдан әрі нашарлайтыны туралы ескертілді.
«Бізде қалың қар мен аязды жаңбыр жауды, бүкіл аймақта бұршақ жауды. Аймақтағы қозғалыс өте қиын, көптеген автобус маршруттарына қызмет көрсетілмейді, көпірлер жабылды, метро қазір баяу жұмыс істеуде, көптеген көліктердің қысқы доңғалағы жоқ», - дейді BBC тілшісі Дэн Барретт.
Жауын-шашынның көп болуына байланысты жылы ауа райы орнаған жағдайда су тасқыны қаупі бар.