Швеция халқы зообақ қызметкерлері атып өлтірген маймылдарды жоқтап жатыр
Қызметкерлер зообақтан қашып шыққан төрт шимпанзені атып өлтіруге мәжбүр болған
Швед халқы Фурувик зообақ қызметкерлерін кәсіби маман емес деп айыптап, олар атып өлтірген төрт маймылды жоқтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Еуроньюс агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Оқиға болған кезде зообақ жабық болған, бірақ бақылаушылар қашып кеткен төрт шимпанзе айналасына агрессия танытуы мүмкін деген болжамды алға тартқан.
«Маймылдар тұрып жатқан ғимараттан қашып кеткенде оларды атудан басқа амал қалмады. Оларды өлтіру – амалдың жоғынан болған әрекет. Олар зообақ қызметкерлеріне, жалпы, айналадағы адамдарға қауіп төндіретін еді», - дейді зообақ директоры Сандра Вильке.
Бірақ швед жұрты бұл пікірмен келіспей, зообақ қызметкерлері кәсіби маман емес деген пікір айтты. Халық маймылдарды ұйықтататын дәрі арқылы ұстап алуға болар еді десе, зоопарк қызметкерлері бұл әрекет өте қауіпті болғанын айтып ақталып отыр. Қала тұрғандары да, жалпы, Швециядағы халық бұл төрт маймылдың атын жатқа біліп, оларды үнемі тамақтандырып жүрген. Жануарлардың жанашырлары шимпанзелер ақылды болғанын, оларды атудан басқа амал тауып, аман сақтап қалу керек екенін алға тартқан.