Ресей холдингі түріктерден Ақтау әуежайын сатып алмақ
Қазіргі таңда бұл әуежай түрік инвесторларына тиесілі
«Өңірлердің әуежайы» атты ресейлік холдинг Ақтау халықаралық әуежайын сатып алғысы келеді. Бұл туралы «Шығыс және Орталық Еуропаның экономикасына шолу» ақпараттық порталы хабарлады.
Бұл холдинг олигарх Виктор Вексельбергтің «Ренова» компаниясына кіреді және Ресейдің алдыңғы қатарлы әуежай холдингі саналады. Басылымның хабарлауынша, компания Қазақстаннан әуежай сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Атап айтқанда, олар қазіргі таңда түрік инвесторларына тиесілі Ақтау халықаралық әуежайына көз тігіп отыр.
«Өзбекстан бойынша әуежай алу мүмкіндігі әлі қарастырылып жатыр. «Новапорт» атты тағы бір Ресей холдингі Самарқанд, Наманган, Үргеніш әуежайларын басқаруға және реконструкция жүргізуге алатынын жариялады», - деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, осылайша Ресей Орталық Азия әуежайларына қызығушылық таныта бастаған.