«Ұтып алған пәтерім ипотекамды жабуға кетеді». Жолы болғыш вице-министр күмәнданушыларға жауап берді

Ғабидолла Оспанқұлов бір бөлмелі пәтер ұтып алды

«Ұтып алған пәтерім ипотекамды жабуға кетеді». Жолы болғыш вице-министр күмәнданушыларға жауап берді

Лотереядан бір бөлмелі пәтер ұтып алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдіріп, лотерея билетін қалай алғанын және бұл пәтерді алдыңғы ипотекасын жабу үшін компанияға қайтаратынын айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының 18-і күні еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі пәтер сатып алған клиенттерінің арасында ұтыс ойнатқан болатын. Сол кезде бас жүлде үшін елордадан пәтер ойнатылып, ол ұтысты Ақпарат вице-министрі Ғабидолла Оспанұловтың отбасы жеңіп алған. Вице-министрден білгеніміз – ұтыстың бас жүлдесі бір бөлмелі пәтер екен.

«Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде «жемқорлықпен жеңді», «алдын ала келісілген ұтыс» деген пікірлерді көп оқыдым. Менің отбасымда жеті адам бар, зейнеттегі әке-шешем, үш балам, мен және әйелім. Олардың жалғыз асыраушысы менмін, әйелім жұмыс істемейді. Орал қаласынан елордаға қызмет ауыстырғанда, үлкен отбасым үшін қарызға, яғни, ипотекаға үй алдым. Ол үйге әлі көшкен жоқпыз, енді салынып бітеді. Сол үйді рәсімдеген кезде компания билет берді, яғни, барлық сатып алушыға билет берген. Білуімше, компанияның ұтыс ойынына екі жарым мың адам қатысты. Сол билетті алып әйелім екеуміз ұтыс өткен «Тәуелсіздік сарайына» келдік», - дейді Ғабидолла Оспанқұлов.

Оның сәтті билетін лототроннан алып шыққан ресейлік «Иванушки International» тобының Кирилл атты әншісі екен.

«Біреуі тоңазытқыш, біреуі басқа да тұрмыстық техника ұтып алып жатты. Қарапайым жүлделердің арасында біздің билет болған жоқ. Сосын әйеліме «шығатын кезде екі жарым мың адамның арасында қалмайық, жүре берейік» дедім. Сыртқа шығып, киімімізді алып алған соң, «бас жүлдені кім алады екен, көре кетейік» деген қызығушылықпен дәліздегі экранға қарадық. Компания концерт қою үшін әртістерді шақырған. Мысалы, Қайрат Нұртас әнін айтты да, лотерея барабаннан бір билет алып шықты, ұтыс иесі шетелге жолдама алды. Роза Рымбаева ән айтып, тағы бір билет алып шықты. Үшінші болып ресейлік «Иванушки International» тобы ән айтып, топтағы Кирилл есімді әнші билет алды. Сол кезде менің нөмірім шығып, біз бір бөлмелі пәтер ұтып алдық. Бәрі ашық өтті ғой, тіпті, оны сол әншілерден сұрауға болады», - дейді шенеунік.

Вице-министр бұрын ипотекаға алған төрт бөлмелі пәтері біраз сомаға және бірталай жылға рәсімделгенін айтты. Сондықтан, ол ұтып алған пәтердің өзін емес, оның сомасын ипотекасы есебінен алып қалуды сұраған.

«Қазір мен жалақымнан төрт бөлмелі пәтердің ипотекасын төлеп жатырмын. Енді компанияға пәтердің өзін бермей, оның құнын осы ипотекамның есебінен ұстап қалуды сұрадым. Соның өзінде де біраз жыл ипотека төлеймін», - деді ол.

Вице-министр бұған дейін де «Бинго» лотереясына, ірі сауда үйлерінде ойнатылатын ұтыстарға қатысып көргенін айтты. Бірақ, бұған дейін ешбір билет ұтыс әкелмепті.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.