$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары суықта жарық пен жылудан қағылды

Ал жабынды ауыстыруға тапсырыс берген шенеуніктер шаш ал десе, бас алған мердігерге өкпелі

Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары суықта жарық пен жылудан қағылды
Фото ашық дереккөзден

Артық қыламын деп тыртық қылды. Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары суықта жарық пен жылудан қағылды. Жетімдер мен келешегі жоқ ауылдан көшіп келгендерге берілген жалдамалы пәтерлердің шатырын ауыстырмақ болған. Жұмысқа жауапты мердігер тап жаңбыр басталғанда төбе жабындысын ашып, төбеден су өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Бірнеше сағатқа созылған нөсерден баспанасы малмандай су болып, электр желісіне де зақым келген. Басқа барар жері жоқ тұрғындар жарық пен жылусыз, су басқан баспанасында дірдектеп отыр. Тоғыз қабатты үйдің шатырын кеше ашып тастаған. Онсыз да жауын жауса су сорғалайтын үйдің тұрғындары шенеуніктерге жалынып жүріп төбе жабындысын ауыстырып беруді сұраған. Содан бірер күн бұрын пайда болған жұмысшылар дәл жауын басталған сәтте шатырды ашып тастапты. Артынша нөсер жауып, пәтерлері малмандай су болған.

 «Жаңбыр жауатыны мәлім болды. Интернет көрсетіп тұр, олар соны тыңдамай шатырды ашқан. 20 адам алыстық. Осы жердегі екі үйдің 20 еркегі алысып жүріп, бір жарым сағаттай жұмыс істедік. Төрт-бес сағат қалды, жаңбыр астында. Бірден өткен жоқ. Мына жерге жиналған су әлі ағып жатыр», - дейді қала тұрғыны Ұлықбек Тәжіманов.

Төбеде жиналған су төмендегі пәтерлерге кірген. Тіпті кейбірінің қабырғалары үгітіліп, дүние-мүлкі бүлінген.

«Мен өзім жөндеумен айналысамын. Алты ай сайын мынаны жаңартамын. Жалықтым. Міне, қараңыз! Мынау не?! Бәрі шіріп жатыр. Жарық жоқ. Күйіп кетті. Кеше атылып, жарылыс болды. Бала-шағамды үйден шығарып жібердім. Еденіміз көтеріліп жатыр. Мынаны қараңыз, шіріп жатыр. Бәрін дақ басты», - дейді қала тұрғыны Руслан Жоев.

 Су өткен соң, 108 отбасы тұратын  үйдің жарығы сөніп, артынша жылу тоқтаған. Мамандар электр желісі құрғамайынша, жарық берілмейді депті. Түні бойы тоңып шыққан жұрт қайда барарын білмей дал.

 Ал жабынды ауыстыруға тапсырыс берген шенеуніктер шаш ал десе, бас алған мердігерге өкпелі. Сондықтан бүгіннен қалдырмай төбесін жауып, жауыннан бүлінген пәтерлерді жөндеп беруге мәжбүрлейміз деп ақталды.

 «Пәтерге кірген, яғни зақымданған жерге акті жасап, қалпына келтіріледі. Шатырды жауып бітірген соң, мердігер мекеме тарапынан. Барлық шығын, шығын болғанда, анықталған кемшіліктер қалпына келтіріледі», - дейді Шымкент тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Оспан Әбиев.

Төбе жабынын ауыстыруға 8 жарым миллион теңгеге тапсырыс алған мердігер жаңа шатырға бір жыл кепіл беруге тиіс. Алайда тұрғындар күн бұзылмай тұрғанда, тезірек жылу мен жарық берілсе деп тілейді.

Серіктес жаңалықтары