Ақтөбелік тұрғындар ауыл маңынан полигон салынуына қарсы
Ауыл тұрғындары бұл жерде полигон орналасатын болса экологиялық қауіп төнеді деп қорқады
Ақтөбеде Бауырластар ауылының тұрғындары шу көтерді. Олар ауыл маңынан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қалдықтарын тастайтын полигон салынуына қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Оған 15 гектар жер бөлінген. Ауыл тұрғындары бұл жерде полигон орналасатын болса экологиялық қауіп төнеді деп қорқады.
«Талабымыз бұл жерде оны көмбеу керек. Ауылға жақын ғой міне тиіп тұр. Жер асты суы қосылады. Осы Сазды скважин барлығы бүкіл Ақтөбеге су келіп тұр. Тек Бауырластар ғана емес. Суға қосылады уақыт өте. Радиация күшейіп, халықтың, балалардың денсаулығын бұзады», - дейді Бауырластар ауылының тұрғыны Асан Құрбанов.
Бұл ауылда алты мыңға жуық халық тұрады. Қазір арнайы жоба жасалып жатыр екен. Желтоқсан айының басында қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланған. Бірақ зауыттың өкілдері бұл жерде полигон емес жылыжай болады деп халыққа басу айтып отыр.
«Біз бұл жерде жылыжай салуды жоспарлап отырмыз. Экологиялық талапқа сай. Жергілікті халыққа жұмыс орындары ашылады. Бұл зауыт. Не фабрика емес жылыжай. Қазір барлық халық қалдықтарды тастайды деп шулап жатыр. Маған қалдықтарды көметін жер керек болғанда мен сондай қызметке жүгінетін едім немесе полигонға лицензия алып, қалдықтарды жоятын едім», - дейді «ERG-RECYCLING» ЖШС Батыс аймақтық операциялық директоры Руслан Ибраев.