Қаржылық қауіпсіздік: Оқу жылы басталғалы 17 мыңға жуық оқушы мен студентке дәріс оқылды
Оның ішінде 300-ге жуық мектеп, 34 жоғары оқу орны және 40 колледж бар
Елімізде интернет-алаяқтық және қаржы пирамидалары сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны көбеймесе, әлі де азаяр емес. Өткір мәселе тек қазақстандықтарды ғана емес, Орталық Азия мен Еуропа азаматтарын да сергелдеңге салуда.
Мәселені шегіне жеткізбей, өскелең ұрпақтың бойында тиісті иммунитетті қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, тіпті білімді және қызметтегі азаматтардың өзі де алдану қаупінен сақтанбаған.
«Бұл қаржылық қауіпсіздіктің негізгі тұстарын білмеуден. Мұндай дағдыларды мектеп қабырғасынан бастау керек. Жаңа қаржы өнімдерінің, оның ішінде интернет кеңістігінде тізімі жыл сайын өсіп келеді, ал оларға деген қолжетімділік жаңаруда. Біздің елімізде балалар 10 жасынан банк карталарын пайдалана алады. Қаржылық мониторинг агенттігі қазірдің өзінде алаяқтықтың қаржы пирамидаларын құру және басқару сияқты түрлеріне қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдірді», - дейді Нұрлан Адалиев.
Салымшылардың қаражатын осындай схемаларға жаппай тарту тәуекелдерін жою үшін әлеуметтік желілердің сайттары мен аккаунттары бұғатталады. Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне сүйенсек, тек биылғы жылдың өзінде 3 мыңнан астам интернет-ресурстар бұғатталды, олардың 8 мыңнан астамы талдау орталығының қарауында тұр. Осыған ұқсас алдын алу жұмыстары қаржылық және экономикалық құқық бұзушылықтардың басқа да түрлері бойынша жалғасып жатыр.
«Туындайтын міндеттерді жүйелі шешу үшін Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған қаржылық мониторингті дамыту тұжырымдамасын бекітті, оны іске асыру үшін Агенттік білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесіне қаржы қауіпсіздігі жөніндегі тақырыптарды енгізу мәселелеріне бастама берді. Биылғы оқу жылында мектептер мен университеттерде Агенттіктің аумақтық Департаменттерінің қызметкерлері алғаш рет «Қаржылық қауіпсіздік» бойынша дәрістер өткізіп, онда қаржылық қылмыстар саласындағы ең өзекті қоғамдық мәселелер қозғалды. Осылайша студенттер мен олардың оқытушылары Экономикалық тергеп-тексеру қызметкерлерінің жеке өздерінен банктік карталармен, интернет-дүкендермен, қаржылық пирамидалармен және лудомания мәселелерімен байланысты қаржылық алаяқтықтың күрделі схемалары жайында дәріс алды», - деді Қаржылық мониторинг агенттігі кадр жұмысы департаментінің директоры.
Оқу жылының басынан бері 17 мыңға жуық оқушы мен студентке дәріс оқылды. Оның ішінде 300-ге жуық мектеп, 34 жоғары оқу орны және 40 колледж қамтылды. Оқу жылында қаржылық қылмыстардың түрлері мен тәсілдері туралы, оның ішінде заманауи ақпараттық технологияларды, блокчейндер мен криптовалюталарды қолдану арқылы тақырыптық сабақтар сериясы жоспарланған.
«Аталған білімді кеңінен тарату әрбір азаматтың елдің экономикалық және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеке үлесін қосуды қамтамасыз етеді. Халықаралық сарапшының пікірінше, ерте қамтылған профилактика амалдары қылмыстың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Осындай іс-шаралар арқылы жас қазақстандықтар экономикалық және қаржылық қауіпсіздік саласында баға жетпес тәжірибе алады», - дейді Нұрлан Адалиев.
Агенттік жүйелі негізде дәріс және ақпараттық сабақтар өткізу үшін неғұрлым тәжірибелі қызметкерлерді іріктеу және даярлау бойынша жұмыстар жүргізеді.
«Халықаралық серіктестердің, шешендік шеберлік бойынша жаттықтырушылардың және білім басқармасы өкілдерінің қолдауымен қаржылық қауіпсіздік негіздерін оқыту әдістемесі бойынша лекторлар пулына арналған курстар өткізілді. Мұндай іс-шаралардың ауқымын кеңейту – аймақтардағы қаржылық қылмыстарға қарсы күрестің жағдайын жақсартады», - дейді Қаржылық мониторинг агенттігі кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев.
Агенттіктің бастамасы бойынша осы жылдың қыркүйек айында Білім министрлігі 5-11 сыныптардың үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонентіне «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» және «Қаржылық қауіпсіздік» екі бірліктен тұратын «Жаһандық құзыреттер» курсын енгізді.
«Халықаралық оқу-әдістемелік орталығының қатысуымен көрнекі материалдармен оқыту әдістемесі жасалды. Сонымен қатар, алдын алудың қосымша құралы – Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы өткізу болып табылады. Мұндай тәжірибені көптеген елдер қолданады және қазақстандық студенттер тобы биылғы жылы да Сочи қаласында өткен Қаржылық қауіпсіздік бойынша халықаралық олимпиададан сәтті оралды. Олимпиадаға іріктеуге әлемнің 12 елінен 40 мыңнан астам студент қатысты», - деді Нұрлан Адалиев.
Осы оқу жылынан бастап еліміздің бірқатар облыстарының оқушылары арасында Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы пилоттық нұсқада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталған іс-шараны дайындауға халықаралық желілік жоғары оқу орындарының өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындары мен Агенттік өкілдері атсалысты.
«Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне Олимпиада туралы ереже жіберілді және Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы ұсынылатын олимпиадалар тізбесіне енгізу туралы мәселе пысықталуда. Оқу-ағарту министрлігінің ғылыми сараптамасы мен келісімінің нәтижелері бойынша 2023 жылы қаржылық сауаттылық бойынша сабақтар өткізу және Қаржылық қауіпсіздік бойынша олимпиаданы ұйымдастыру көлеңкелі экономикамен күреске ықпал ететін қаржылық қылмыстардың ерте алдын алуды дамытудың жаңа векторы болады», - дейді спикер.
Сонымен қатар, өскелең ұрпақ Агенттік үшін әлеуетті кадрлар болып табылады, бұл орайда қаржылық мониторинг органдары жүйесіне жас талантты мамандарды іріктеу бойынша тұрақты түрде іс-шаралар жүргізіліп отырады.
«Биыл бос әкімшілік лауазымдарға орналасу үшін жарияланған конкурсқа 2 000-ға жуық кандидат қатысты, конкурс бір штат бірлігіне 21 адамды құрады. Агенттік тұрақты негізде еліміздің жетекші университеттерінде Ашық есік күндері мен қонақ дәрістерін өткізеді. Мәселен 2022 жылы Нәрікпаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетімен бірлесіп біз майнор жобасын іске қостық, Астана ІТ-мен дуальды білім беру жобасы іске асырылуда», - деді Нұрлан Адалиев.
Мамандардың арасында «Болашақ» Президенттік стипендия иегерлері, ұлттық және халықаралық жоғары оқу орындарының түлектері, олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары, оның ішінде салық және банк секторында, инвестициялық қағаздар нарығында кең тәжірибесі бар қызметкерлер баршылық.
Сонымен қатар, агенттік еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне өз үлесін қосқысы келетін азаматтар үшін, креативті және талантты жастар үшін әрдайым есіктері ашық екенін айтады.
«Жалпы, бүгінгі таңда Агенттік цифрландыру мен талдауды дамытуға баса назар аударуда, бұл ретте Агенттік ішіндегі процестерді бюрократизациялау және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен ашық ведомствоны қалыптастыру жөніндегі жұмысқа баса назар аудару үшін барлық тетіктер қолданылады. Қорыта келе, біз медиа қоғамдастық тарапынан Агенттіктің қызметін кеңінен жариялауға көмек көрсетуді сұраймыз, қажетті ақпарат беруге және өзара іс-қимылдың өзге де форматтарын талқылауға жәрдемдесуге дайын екенімізді білдіреміз», - деп қорытындылады Қаржылық мониторинг агенттігі кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев.
FinGramota.kz сайтының келтірген деректеріне сүйенсек, зерттеу барысында анықталғандай, қаржы жүйесі туралы Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының, сондай-ақ, Алматы, Түркістан, Ақмола облыстары сияқты өңірлердің тұрғындары көбірек ақпараттандырылған. Ал Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының хабары аз болып шыққан.
Бұл ретте ерлер мен жұмыс істейтін халық егде жастағы әйелдерге қарағанда Қазақстанның қаржы жүйесі туралы хабардар болудың анағұрлым жоғары деңгейіне ие. Сонымен қатар, жоғары білімі бар және табысы орташа деңгейден жоғары респонденттердің де сауаттылығы жаман емес.
Жастар арасында да (18-21 жас) статистикалық көрсеткіш жақсарып келеді. Бұл еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында кәсіпкерлік және бизнес бойынша арнайы пәндерді енгізу, сондай-ақ, қаржылық сауаттылық бойынша оқыту бағдарламаларын үйрететін мамандандырылған сайттар құру сияқты бірқатар себептерге байланысты болды. Өкінішке қарай, үлкен аудитория (60 жас және одан жоғары), үй шаруасындағы әйелдер мен зейнеткерлер қаржы жүйесі туралы көп біле бермейді.
Жалпы алғанда, сұралғандардың жартысынан көбі (60%) екінші деңгейдегі банктердің функционалын, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан Ұлттық Банкінің атынан реттеушінің міндеттерін жақсы түсінеді.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының және Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасының маңызды бағыттарының бірі болып табылады, сондықтан әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу азаматтардың қаржылық сауаттылығының жалпы деңгейін дамытуда ерекше маңызды рөл атқарады, ал елдің қаржылық және экономикалық дамуы соған байланысты.
Айжан Жанатқызы