Қазақстанда мектеп оқушылары арасында қаржылық сауаттылық олимпиадасы басталды
Оған барлық өңірден іріктелген 144 оқушы қатысып жатыр
Астана қаласындағы №56 мектепте 9–11 сынып оқушылары арасында қаржылық сауаттылық пен қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың IV кезеңі өтіп жатыр. 2-6 мамыр аралығына жоспарланған бұл шараға еліміздің барлық өңірінен іріктелген 144 оқушы қатысуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Республикалық доданың негізгі мақсаты – қаржылық сауаттылық саласында терең білімі бар дарынды оқушыларды анықтау. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында қаржылық мәдениетті насихаттау және қалыптастыру басты назарда.

Байқау аясында қатысушылар қаржылық шешімдер қабылдау дағдылары, алаяқтықтан қорғану және қауіпсіздік ережелерін сақтау секілді
бағыттар бойынша өз қабілеттерін сынап көруде.
Биылғы олимпиаданың ауқымы өте кең. Алғашқы кезеңдерге еліміз бойынша 46 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысқан. Шешуші кезең екі турдан тұрады. Бірінші тур жазбаша өтсе, екінші тур ауызша форматта өтеді.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, олар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады.