Геннадий Головкин жарақатына байланысты сәуірдегі жекпе-жегіне шыға алмайды
GGG командасының өкілдері қазақстандық боксшының жілігін зақымдап алғанын айтты
Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің сәуірге жоспарланған жекпе-жегі кейінге қалдырылды деп жазады Vesti.kz. ESPN хабарлағандай, боксшы жілігінен жарақат алған.
Осыған байланысты Головкиннің командасы IBF қауымдастығына өтінішпен шығып, титулды қорғау жекпе-жегін кейінге қалдыруды сұрады. Алдын ала болжам бойынша, поляк Камил Шереметамен болатын кездесу мамырда немесе маусымда өтеді.
Головкиннің міндетті жекпе-жегі биыл ақпанда өтуі тиіс болатын. Алайда, түрлі себептерге байланысты дата алдымен наурызға, кейін 11 сәуірге жылжыды. Ал, бокс кеші Чикагода (Иллинойс, АҚШ) өтеді деп жоспарланған.
DAZN өкілдері Головкин – Шеремета жекпе-жегінің кейінге қалдырылғанын, қазіргі таңда нақты уақытын анықтау шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал, Том Леффлер мен GGG Promotions бұл жайтқа қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Еске салайық, соңғы рет қазақстандық боксшы шаршы алаңға былтыр 5 қазанда украин боксшысы Сергей Деревянченкомен шыққан болатын. 12 раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер жеңісті Головкинге берді.