Елордада 20 қарашада қоғамдық көліктерде жол жүру тегін болады
Қоғамдық көлік өзінің әдеттегі кестесіне сәйкес сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін жүреді
Астанада 20 қараша – Сайлау күні автобустарда (қалалық және қала маңындағы маршруттар) жол жүру тегін болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қоғамдық көлік өзінің әдеттегі кестесіне сәйкес сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін жүреді. Ал 21 қарашадан бастап, дүйсенбіде қоғамдық көлік қолма-қол ақшасыз төлеммен штаттық режимде жұмыс істейді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айынан бастап елорда әкімінің тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандар үшін тегін жол жүру ережесі енгізілді. Осы уақыт ішінде оқушылар 43 миллион сапар жасады.
Сондай-ақ азаматтардың жеңілдетілген санаттары, оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар және т.б. тегін жол жүру ережесін пайдаланады.