Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденді өзінің штабына қосылуға шақырды
Президент сайлауына екі әйел кандидат тіркелген
Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденге сайлау науқанынан бас тартып, өз штабына қосылуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қарақат Әбденге сайлау науқанынан бас тартып, менің штабыма қосылуға шақырамын. Әбден Қарақат Жақсылыққызының бағдарламасын талдап, кездесулерін сараптай келе, кей тұстарда ойымыз тоғысатынын түсінемін. Екеуміз де әйелдің қоғамдағы орнын, оның маңыздылығын айтып жүрміз.Бірақ айта кетейін, Қарақат Жақсылыққызының саяси тәжірибесі аз, сайлаушылармен кездесулерде оның бағдарламасының жөн-жосығын түсіндіріп, мәдени-бұқаралық іс-шаралары үшін түсініктеме беруіме тура келеді», - деді ол.
Тұрсынбекова сайлаушылардың дауысын екіге бөлмей-ақ қоюды ұсынды.
«Қарақатты өз командама шақырамын. Әйелдердің дауысы басым әрі анық шығуы үшін біз бірігуіміз керек. Қарақат Жақсылыққызы, сайлау науқанынан бас тартып, менің командама, штабыма қосылыңыз. Әйелдер мен отбасының мүддесін алға жылжытуға бірге күш салайық. Оның үстіне, менің қарсыласым ұсынатын бастамалардың көбі менің сайлауалды бағдарламамның бір блогында ғана – «Халықты әлеуметтік қорғауда» қамтылған. Дегенмен мен сот-құқықтық реформаны, мемлекеттік институттарды демократияландыруды, азаматтық қоғамды дамыту үшін елеулі өзгерістерді де ұсынамын. Сонымен қатар, мен құқық қорғаушымын, көп жылдар бойы әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып келемін. Қазақ әйеліне, қазақ отбасына не керек екенін бес саусағымдай білемін. Тағы да қайталап айтамын, Қарақат Жақсылыққызы, менің командама қосылыңыз, бірге жұмыс істеп, ұсыныстарыңызды сайлаушыларға жан-жақты жеткізуге уәде беремін», - деді Салтанат Тұрсынбекова.