$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.10.2019, 15:20
Жаңалықтар

Солтүстікте күміс түсті бұлттардың көрінуі жиіледі - астроном

Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жер шарында болып жатқан климаттық өзгерістердің белгісі

Солтүстікте күміс түсті бұлттардың көрінуі жиіледі - астроном
Фото: А.Солодовниктің жеке архивінен

Аспанда күміс түсті бұлттардың көрінуі еліміздің солтүстік өңірлеріне ғана тән. Соңғы жылдары аталған табиғи құбылыс жиі байқала бастаған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жер шарында болып жатқан климаттық өзгерістердің белгісі. Әлем зерттеушілерінің қызығушылығын тудырып отырған тақырыпта Azattyq Rýhy тілшісі астроном Андрей Солодовникпен сұхбаттасқан еді.

Андрей Солодовник, Физика және математика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының корреспондент мүшесі

- Андрей Андреевич, жалпы «күміс түсті» бұлттар ұғымына тоқталып өтсеңіз және бұл құбылыс қай уақыттан бері байқала бастады?

Күміс түсті бұлттар ең алғаш рет 1885 жылы көріне бастаған. Жер шарынан 80 шақырым биіктікте орналасқан нысанды кез келген адам байқай алады. Мұз кристалдары түнде жарық шашып тұрғандай болып көрінеді. Шын мәнінде олар атмосферада, өте биікте тұрып күн сәулелерін жан-жаққа таратады. Олар Солтүстік Қазақстанда маусым, шілде айларында яғни, күн сәулесінің ең көп түсетін кезінде көрінеді. Біз бұлттардың көбеюін, азаюын, олардың көріну жиілігі мен көшу жылдамдығын қадағалаймыз. Олар 2016-2017 жылдары ерекше көп болды. Мен бұл тақырыпта монография да жазып жүрмін.

Видео: Күміс түстес бұлттар. Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданы. Бейнежазба 60 есе жылдамдатылған.

- Күміс түсті бұлттарды зерттеп жүргеніңізге қанша уақыт болды және қандай байламға келдіңіз?

Қандай байламға келгеніміз жөнінде айту асығыстық болады. Біз бұл құбылысты 1994 жылдан бері бақылап келеміз. Ол кезде қазіргідей сандық қондырғылар болған жоқ. Суреттерді үлдірлі фотоаппараттарға түсіретінбіз. Шетелдік әріптестерімізбен бірге спутниктерден де бақылау жүргіземіз. Соңғы жылдары күміс түсті бұлттардың көрінуі жиіледі. Бұл жер шарында болып жатқан климаттық өзгерістердің белгісі. Климат өзгеріп кетсе, адамзат қалай өмір сүреді, әлде тіршілік мүлде тоқтай ма, оны дөп басып айту қиын. Климаттың өзгеруінен ешқандай жақсылық күтуге болмайды. Ауа температурасы көтеріліп, жер бетін шөл басса, адам өмір сүретін орта қалмайды. Келесі жылы күміс түсті бұлттардың алғаш көрінгеніне 135 жыл болады. Демек, осынша уақыт бойы климаттық өзгеріс болып жатыр. Тек соңғы кездері бұл құбылыс жылдам жүре бастаған. Яғни күміс түсті бұлттар біздің ғаламшарда болып жатқан жайсыз өзгерістер жайында белгі беріп жатыр.

Фото: fiesta.city

 - «Адамның табиғат ресурстарын бей-берекет пайдалануының кесірінен түрлі тылсым құбылыстар болып жатыр» деген сөздерді жиі естіп, оқып жүрміз. Сіз осындай пікірлермен келісесіз бе?

Егер мен «келіспеймін» десем, «Солодовник ақымақ екен» дерсіз. Әрине келісемін. Егер климаттық анықтаманы алып қарасақ, ауа темпетарурасының өзгеріп жатқанын аңғарамыз. Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын елімізде жедел континенталды климат болса, қазір ол жай ғана континенталды. Бұрынғыдай қыс мезлігінде 40 градус және одан төмен ауа температурасы сирек болады. Жаз да қоңырсалқын. Бұл да климаттың өзгеруінің белгісі. Бұлттарды зерттеу кезінде жер метеорологиясын да зерделейміз. Соңғы 10 жылдың өзінде ол қатты өзгерді. 

Жасыл желек – адамзат баласына табиғат берген теңдессіз тарту. Айналада не болып жатқанын қараңыз: отынға пайдалану үшін орман алқаптары қисапсыз кесіліп жатыр, бір жерде құбыр жарылса, ауыз су апталап далаға ағады, алып зауыттар мен түрлі техника түтінінен ауа ластануда. Біз табиғат сыйын бағаламаймыз. Ағаштың орнына жылуы әлдеқайда көбірек беретін көмірді пайдалануға болады. Көмір ғана емес, бүгінгі күні энергияның түрлі баламалы көздері бар. Біз соны пайдалана алмай отырмыз. Суға түрлі қалдықтарды тастап, оны да ластап жатырмыз. Ағаш – ғаламшарымыздың өкпесі деймін. Соны өз қолымызбен құртып жатырмыз. Мен ашуымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біз ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз?

Қазір күміс түстес бұлттардан басқа зерттеп жүрген тақырыбыңыз бар ма?

Метеорит тақырыбын зерттеп жүргеніме 10 жылдан асты. Студенттермен осы  тақырыпта дипломдық жұмыс бастадық. Оған өткен жылы тауып алған аспан денесі түрткі болды. Коммуналдық қызмет жұмысшылары  үйдің жанында жылу трассасын тарту үшін шұңқыр қазды. Жанынан өтіп бара жатып,  темір кесегіне көзім түсті. Оның метеорит екенін бірден білдім. Салмағы 2 келіден асады. Құрамында темір көп болғандықтан, магнитті жабыстырып алады. Бірақ әлі күнге оның құрамын нақты зерттей алмай келеміз. Себебі Қазақстанда метеориттік комиссия жоқ. Дегенмен, бұл мәселенің шешімі жыл соңына дейін табылатынына сенімдімін. Метеориттердің барлық үлгілерінің құрамын анықтауға арналған қондырғыға тапсырыс бердік. Арнайы лицензия алып, зерттеуді өзіміз жүргізетін боламыз. 

- Аспан денесі қайдан келуі мүмкін, бұдан басқа метеорит тауып көрдіңіз бе?

Мен тауып алған метеорит жер қойнауында ұзақ жатып қалған. Оны шіріп кеткенінен оңай аңғаруға болады. 1920 жылы Петропавл маңынан салмағы бірнеше тоннаны құрайтын метеорит ұшып өткен болатын. Бірақ оны ешкім таба алмады. Бұл соның жарықшағы болуы мүмкін. Бұған дейін облыста екі рет метеорит сынықтары табылған еді. Қазақстанның метеориттер коллекциясын жинасам деген арманым бар. Аспаннан метеорит құлағанда өте жоғары жылдамдықпен түседі. Соның әсерінен шеттері опырылып қалады. Сондықтан әр жерден жарықшақтары табылып жатады.

 - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің астрофизикалық орталығы ашылған кезде белсенді жұмыс істеді. «Елімізде ешбір оқу орнында мұндай обсерватория жоқ» деп бөркімізді аспанға аттық. Қазір сол леп байқалмайды. Оған не себеп?

Бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым: ол кезде арнайы гранттар болған. Мемлекет тарапынан ғылым саласына бөлінетін қаржы жыл сайын азайып барады. 2016 жылдан бері грант алған жоқпыз. Ғылымға қызығатын жастар бар, қаржы жоқ. Соның кесірінен талай жақсы мамандар басқа салаға кетіп қалды. Комиссия мүшелері байқауға қатысуға өтініш береді де,  грантты өздері алады. Бұл жерде әділ бағаның болмасы анық. Мәселе министрлік деңгейінде бірнеше мәрте көтерілсе де шешімін таппай келеді. Жемқорлықты жеңу оңай емес. 

- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары