«Қоғамнан құпия ұстауға болмайды»: президент жаңа реформа туралы неге ерте айтып жатқанын түсіндірді
Оның айтуынша, қоғам бұндай мәселелердің талқылауынан тыс қалмау керек

Президенттің бүгінгі Жолдауындағы басты жаңалықтың бірі – оның бір палаталы парламент құру туралы ұсынысы болды. Бұл ретте президент бұндай реформа жайлы неге ерте айтып жатқанын түсіндірді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе? Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін», - деді Тоқаев.
Президент «жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін Сенат алаңсыз жұмыс істейді» деп сендірді. Мәжіліс те қазіргі тәртіпке сай жұмыс істей береді.