Он баласы болса да 73 мың теңге алады – Еңбек министрі
Бүгін Мәжілісте 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, бюджеттен көпбалалы аналарды қолдау шаралары үшін қосымша қаржы сұрай келгенін айтты.
Апта басында министр атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға көзделіп отырған өзгерістер туралы айтқан еді. Жаңа ережелер енгізілсе, онда 4 және одан да көп баласы бар отбасылар табысына қарамай, мемлекеттен ай сайын бір бала үшін 10-11 мың теңге жәрдемақы алады деп айтылған.
Бүгін министр жеті баладан көп баласы бар отбасылар шекті сома – 73 мың теңгемен ғана шектелетінін мәлім етті.
«Жеті және одан да көп баласы бар отбасылардың санын сараптап көрдік. Бізде көпбалалы отбасылардың саны 343 мың отбасы. Олардың арасында 4 баласы бар отбасылар 61 пайызды, үш баласы барлар - 27 пайызды, бес баласы барлар 9 пайыз, жеті және одан көп баласы барлар 3 пайызды құрайды. Сондықтан, біз бір жағынан бюджеттік мүмкіндіктерді қарап, екінші жағынан осы жағдайды ескере келе, әзірге, жеті және одан көп баласы барларға 73 350 теңгемен шектеліп отырмыз», - деді Біржан Нұрымбетов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан