$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.10.2019, 15:56
Жаңалықтар

Мэлс Елеусізов саяси партия құрып, Парламент сайлауына түспек

Табиғат жанашыры экологиялық және әлеуметтік қылмыстарға қарсы тұрып, табиғатқа немқұрайлы қарағандарды жазалауды күшейтпек

Мэлс Елеусізов саяси партия құрып, Парламент сайлауына түспек

Мэлс Елеусізов жаңадан саяси партия құрмақ. Эколог баспасөз жиынын ұйымдастырып, ресми түрде әлі тіркеліп үлгермеген ұйымның жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Хамзаұлы қасына өзі сынды қоршаған ортаның жанашырларын жинап келген. Сөзін әдеттегідей сөнбеген жанартау, температураның күрт төмендеуі, мұздықтардың еруі, Сорбұлақ пен Балқаш көлдерінің мәселесінен бастаған Елеусізов алдағы уақытта саяси аренаға белсене араласатынын айтты. Әлі ресми тіркелмеген, партия құруға қажетті  40 мың қолды жинамаған табиғат жанашырлары экологиялық және әлеуметтік қылмыстарға қарсы тұрып, табиғатқа немқұрайлы қарағандарды, браконьерлерді жазалауды күшейту жұмыстарымен де айналыспақ.

«Біз көпшіліктің қолдауын көріп отырмыз. Партия және мемлекет үшін басты құндылық – адам. Бұл саяси ұйымның басқалардан айырмашылығы – экология мәселелерін назардан тыс қалдырмайды. Негізгі міндет – халықтың жақсы өмір сүруін қадағалау. Бүгінгі күні Парламентте адамның қоршаған ортасын қорғайтын бірде бір құрылым жоқ. Экологиялық жағдай өте қиын. Барлығы тек экономика туралы ғана айтады», - деп түсіндірді партия құрудағы мақсатын Мэлс Елеусізов.

Оның айтуынша «Табиғат» партиясын құруға көп қаржы керек емес. Тек экологиялық мәселелерді  көтеріп,  шеше алатын саяси ресурс қажет. Табиғат жанашыры партияға қажетті қолды жинап, съезд өткізіп үлгерсе, алдағы Паралмент сайлауына түсуге ниетті екенін жасырмады.

 «Мемлекет ұсақ-түйекке көп ақша шашады. Бірақ экология саласында ештеңе жасалмады. Экологиялық кодекс орындалып жатқан жоқ.  Қазір ол жаңартылу үстінде, енді оны іске асыру керек. Тәуелсіз партия боламыз. Егер бізде Парламент сайлауына уақыт болса жақсы, егер үлгермесек ары қарай өз ісімізді жалғастырамыз. Мен мүмкіндігім барда әрекет етуге міндеттімін», - деді Мэлс Елеусізов.

Табиғат жанашыры бұған дейін де саясатқа араласып, тіпті екі рет Президент сайлауына да түскен еді. 2005 жылы эколог небәрі 0,28 пайыз дауыс жинаса, 2011 жылы кандидатты сайлаушылардың 1,15 пайызы ғана қолдады. Экология одағын партияға айналдыру туралы жоспарын Мэлс Елеусізов 2015 жылы да айтқан.  Төрт жылдан кейін партия тақырыбына қайта оралған экологтың сөзінше, азаматтық қоғам мен азаматтардың сана-сезімі ол кезде «жетілмегендіктен» партия құруға дайын болмаған. Ал қазір халық өзгерген. 69 жастағы Елеусізов жиын соңында экологиялық ортаны сақтау үшін халыққа үндеу тастады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы 

Серіктес жаңалықтары