Сауда орындары енді «Қазақстанда жасалған» маңдайшаларын орнатуға міндетті
Үкімет жақын келешекте инфляцияны 5-6%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет елдегі жоғары инфляциямен қалай күресетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешені қайта қаралады. Онда ішкі нарықтың теңгерімділігін қамтамасыз етуге, нарықты өніммен толықтыруға және өнім ағындарын болдырмауға баса назар аударылмақ.
«Инфляцияға қарсы саясаттың қосымша бастамаларының бірі инвестицияларға тапсырыс беру болады. Ол нарықты отандық өнімдермен толықтыру үшін көптеген шағын өндіріс құруды қамтамасыз етеді. Тұрақты инфляциялық қысым жағдайында орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету өте маңызды. Осы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша экономика өсімі 6,3%-ға жетті. Жыл соңына дейін ағымдағы өсім қарқынын ұстап тұру басым міндет. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жақын перспективадағы бірыңғай мақсаты – инфляция деңгейін 5-6%-ға дейін төмендету», - деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Ішкі нарықта тапшылықты болдырмау, қазақстандық компанияларды шикізатпен қамтамасыз ету және қайта өңделген өнімді өндіру көлемін ұлғайту мақсатында тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады. Сауда орындарында сөрелердің кемінде 30 пайызы азық-түлік шығаратын отандық тауар өндірушілерге беріледі. Ал мемлекеттен көмек алатын ішкі сауда орындары отандық азық-түлік тауарларына сөрелердің 50%-ын, азық-түлік емес тауарларға 20%-ын бөледі.
«Отандық тауарларды кеңінен таныту үшін «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалардың болуы және оларды көрнекі және физикалық қолжетімді жерлерде орналастыру бойынша міндеттемелер белгіленді», - деді министр.