$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2020, 09:56
Жаңалықтар

Қазақстандық ватерполшылар Токио олимпиадасына тікелей жолдама алуы мүмкін

Ақпан айында өтеді деп жоспарланған Азия чемпионаты коронавирус қаупінен өтпей қалды

Қазақстандық ватерполшылар Токио олимпиадасына тікелей жолдама алуы мүмкін
фото: olympic.kz

Су добынан Қазақстан ерлер командасы 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиада ойындарына құрлықтық іріктеу турниріне қатыспай-ақ жолдама алуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз жиынында су спорты түрлері федерациясының президенті Андрей Крюков мәлімдеді. Оның айтуынша, Халықаралық су спорты түрлері федерациясы (FINA) мен Азия су спорты түрлері федерациясы Нұр-Сұлтандағы лицензиялық Азия чемпионаты кейінге шегерілген соң осындай шешім қабылдаған. Құрлық додасы 12-16 ақпан күндері елордада өтуі тиіс еді.

Халықаралық ұйым құрлықтық іріктеу турнирінің орнына 2018 жылғы Азия ойындарының қорытындысын пайдаланған. Еске сала кетейік, қазақстандықтар Азия ойындарында топ жарған болатын.

«Ақпан айына жоспарланған су добынан Азия чемпионаты коронавирустың тез таралуына байланысты өтпей қалды. Бұл олимпиадаға іріктеу турнирін өткізу үшін айтарлықтай әсер етті. Нәтижесінде, ұйымдастыру комитеті турнирді екі аптадан соң өткізуге шешім қабылдаған болатын. Алайда, кейінге қалдыру тағы мүмкін болмай тұр. Өйткені, 8 аптада әлемдік іріктеу турнирі басталады. Сол үшін мейілінше тиімді және сараланған шешім қабылдау керек еді. 10 ақпан күні Азия су спорты түрлері федерациясы Азия чемпионатының өтпейтінін хабарлады. Тараптар арасында үлкен жұмыс жүргізілді. Барлық мүмкіндіктер қарастырылған соң 2018 эылғы Азия ойындарындағы рейтингті негізге алу туралы шешім қабылданды. Азиадада Қазақстан командасы топ жарған болатын. Азия ойындарының нәтижесіне сәйкес, жеңімпаз команда олимпиада ойындарына тікелей жолдама алса, тағы екі команда әлемдік лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігін иеленді. Бұл шешім барлық тараптардың келісімін талап етеді және айтарлықтай уақыт керек. Оның үстіне, FINA бұл туралы хабарлады, енді тек кейбір техникалық жайттарды талқылау қажет. Азия чемпионатына қатысатын барлық мемлекеттер бұл шешімді құптап отыр. Енді біз күтудеміз. Біздің командамыз дайын, маусымды әрі қарай жалғастырады», - деді Крюков.

Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы соңғы рет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында өнер көрсетті. Жалпы алғанда, ватерполшылар үш олимпиадаға қатысқан (2000,2004,2012 жылдар). Ал Қазақстан әйелдер командасы әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайды.

Серіктес жаңалықтары