Алматыдағы қоғамдық дәретхананың тең жартысы істемейді
Мониторинг басталмай тұрып бірде-бір дәретхана кәріз жүйесіне, жарыққа қосылмаған
Осы жылдың жаз мезгілінен бастап Алматыдағы қоғамдық дәретханалардың қаншалықты жұмыс істейтінін "Қоғамдық бақылау және мониторинг" қоғамдық бірлестіктігі тексеріп көрген. Бірлестіктің жетекшісі Саида Төлеуованың айтуынша, күні бүгінге дейін 13 дәретхана пайдалануға берілген. Мәселе бірлестік араласқаннан кейін жарым жартылай ғана шешілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз қоғамдық дәретхана мәселесімен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркімбаевқа тікелей жеткіздік. Министрлікке мониторингтің қорытындысын түгел жолдадық. Ведосмтво Алматы қаласының Туризм басқармасына жүктеді.Әрі қарай мәселе біртіндеп шешіле бастады.
Алматыда жиырма шақты қоғамдық дәретхана бар. Олардың басым бөлігі көпшілік көп жүретін жерлерге қойылған. Біз мониторинг жұмыстарын бастамай тұрып, бірде-бір дәретхана кәріз жүйесіне, жарыққа қосылмаған. Әкімдік ол кезде бәрін реттейміз деп уәде берген. Қазір жартысы істеп тұр десек болады.
Тексеріс барысында дәретхана ақысын төлеу үшін жетон салатын жерлер де істен шыққанына көз жеткіздік. Біз ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәрен Абаев пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесу барысында осы мәселені бірнеше рет көтердік. Енді қалған қоғамдық дәретханалардың қашан іс жүзінде қосылатынын білмейміз»,- деді «Қоғамдық бақылау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саида Төлеуова.
Алматы әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесуінде қаладағы 20 қоғамдық әжетханаға басқарушы компаниямен келісім-шарт жасалғанын айтқан болатын.
«Жаңа жоба әзірленіп жатыр. Соның аясында саябақтың ішінде дәретханалар болады. Олардың жақсы болуын да ескереміз. Өкінішке орай, жалпы қаладағы қоғамдық дәретханалар – өз алдына бөлек мәселе. Қазір бізде қалада салынған 20 дәретхана туралы шешім қабылдадық. Жаңа басқарушы компания мұнымен қалай күресетінін көрейік», - деген Ерболат Досаев.
Десе де, жекенің қолына өткен 20 қоғамдық дәретхананың 7-еуі әлі істемей тұрғанын қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Саида Төлеуова айтып отыр.