$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстауда тарихи жәдігерлер жойылып жатыр

Маңғыстау облысының Жыңғылды ауылы маңынан табылған ІV-V ғасырлардағы жерлеу орындары көміліп қалған

Маңғыстауда тарихи жәдігерлер жойылып жатыр
фото: inbusiness.kz

2019 жылы бұл ауылға су құбырын тарту үшін қазылған жерлерден адам сүйектері табылған болатын. Археологтардың тексеру-зерделеу нәтижесінде шағын ауылдан 8 жерлеу орны анықталған еді. Қазба жұмыстарын жүргізуді археолог Андрей Астафьев қолға алып, бюджеттен қаражат та бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Зерттеулердің ғылыми есебі облыстық тарихи-мәдени қорыққа жолданып, ескерткіш мемлекет қорғауына табысталады деген үміт болған. Бірақ бәрі бекер. Арадан 3 жыл өткен соң қорым маңынан су құбырларын тарту, қазу жұмыстары басталды.

Жұмысшылар құбырлар мен кәріз құдықтарын төсеп, қорыммен бірге көміп тастаған. Сөйтіп аумағы 45-60 метр болатын ерекше жерлеу орны, адам сүйектерімен бірге сол кезеңге тән қыш ыдыстар, моншақтар, зергерлік бұйымдар, пышақтар, құрбандық жануарларының сүйектері, қанжарлар табылған жер құм астында жатыр. Ежелгі дәуірде отырықшы қоныс болған деген деректер де зерттеусіз қалды.

«Елімізде заң талабы қашан сақталады? Мысалы, өңірде жерді шаруашылық қызметке бөлу кезеңінде тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс деп жазылған заң тармағы орындалмайды. Бұл жерде де назарға алынбаған. Мұнда көне қорымдар анықталғанын біле тұра, жұмыс жалғасты. Мұның бәрін бұрын облыстық тарихи-мәдени қорық бақылайтын еді. Қазір бұл құзірет мәдениет басқармасына тиесілі. Қорық өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Нәтижесінде, ешкім ештеңеге жауап бермейді», – дейді археолог Андрей Астафьев.

Мұндай келеңсіздік Ақтау қаласында да қайталанған. Бірнеше жаңа шағын аудандардың аумағында 70-тен астам нысаннан тұратын 28 археологиялық орын табылып, ғылыми есебі жасақталған. Зерттеуге рұқсат етіліп, төлқұжаты да жасалды. Бірақ жұмыс нәтижесіз қалды. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп, барлық ескерткіш біртіндеп жойылып жатыр. Археологтар қазірдің өзінде 6 ескерткіштің жойылғандығын алға тартты.

Өткен жылы Маңғыстауда тағы бір бірегей археологиялық ескерткіш – Байлам бекініс қабырғасы жойылған. Жайылымға берілген жер телімі аумағын иесі ауыр техниканың көмегімен тазартып, мал қорасын тұрғызуға шешім қабылдаған екен. Нәтижесінде, бекіністің қабырғалары жер астына көміліп қалды.

Серіктес жаңалықтары