Былтыр сараптама жасалған 3 мың ойыншықтың 56 пайызы талапқа сай болмады - ДСМ
Осыған байланысты 185 кәсіпкерге 22 миллион теңгеге айыппұл салынған
Елімізде сатылып жатқан 3 мың ойыншықтың 60 пайызға жуығы талапқа сәйкес келмейді. Осылайша қазақстандық кәсіпкерлерге 22 миллион теңгеге айыппұл салынды. Мұндай мәліметті Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Almaty.tv - ға сілтеме жасап.
Сауда және интеграция министрінің айтуынша, ел нарығындағы ойыншықтардың құны бәсекелестіктің жоқтығынан қымбат.
«Біздің өндіретін қазақстандық тауардың өзінің сапасы мен көлемі аз болғандықтан, осындай өндірушілер санын арттыруымыз керек. Нарықта қазақстандық тауардың саны көтерілген кезде оның сапасы да, бағасы да басқаша болады», - деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Ведомтсво ақпаратынша Қазақстанда ойыншық өндірумен небәрі 4 кәсіпорын айналысады екен. Демек, ел нарығында саудаланып жатқан тауардың дені - импорттық өнім. Олар негізінен Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан әкелінеді.
«Біз ай сайын мониторинг жүргіземіз. Ойыншықтарды сатып алып, сапасын, құрамын жіті тексереміз. Былтыр сараптамаға арналып сатып алынған 2920 ойыншықтың 56 пайызы талапқа сай келмеді. 90 пайызы дұрыс таңбаланбаған. Тауарларды кім өндірген? Жас шектеуі? Мұның барлығы белгіленбеген. Ал 4 пайызы қауіпсіздікке қайшы. Ойыншықтардың құрамында аллергия, бастың айналуы, жүректің айнуын қоздыратын фенол, фармальдегид сынды заттардың мөлшері тым жоғары болған. Олардың көбі Қытайдікі», - деді ҚР ДСМ Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті техникалық регламенттерді бақылау басқармасының бас сарапшысы Рабиға Айтжанова.
Осылайша талапқа сай келмейтін ойыншықтарды саудалаған қазақстандық кәсіпкерлерге байланысты 185 әкімшілік іс қозғалып, 22 миллион теңгеге айыппұл салынған.