Талдықорғанда пәтерлердің бірінен есірткі өндіретін фитозертхана анықталды
Күдікті ер адам бұрын жауапқа тартылмаған
Талдықорғанда пәтерлердің бірінен есірткі өндіретін фитозертхана анықталды. Бұл туралы Жетісу облыстық ПД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пәтердің иесі 34 жастағы ер адам болып шықты. Ол жатын бөлмесін есірткі жасауға арналған фитолаборатория ретінде жабдықтап, арнайы жарық шамдарының астында бақша құмыраларына 10 түп марихуана отырғызған.
«Зертхана көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан. Күдікті ер адам бұрын жауапқа тартылмаған. Қазіргі кезде өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық тергеу амалдары басталды. Ұсталған адамға қатысты келу міндеттемесі түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді Жетісу облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Аян Исабеков.
Пәтердің тағы бір бөлмесін тінту кезінде тәртіп сақшылары белгісіз саңырауқұлақтарды тапты. Саңырауқұлақтар тәркіленіп, олардың құрамында есірткі барын анықтау үшін сараптамаға жіберілді.