Түркістан облысында мақта бағасын көтеруді талап еткен шаруалар жолды жауып тастады
Диқаншылардың талабы — мақта бағасын 250 теңгеден 500-ге дейін көтеру
Түркістан облысының Шардара ауданындағы 30 шақты шаруа ауыл шаруашылық техникаларымен жолды жапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Нәпақасын мақта алқабынан тауып отырған шаруалар ақ алтынның бағасын көтеруді талап етті. Көксу ауылдық округіне (бұрынғы елу жылдық: автор) жиналған диқаншылар ауыл ішіне кіретін жолды жапқан.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бахытжан Таласовтың айтуынша, диқаншылардың талабы — мақта бағасын 250 теңгеден 500-ге дейін көтеру.
Шаруалардың жиналып жатқаны туралы ақпаратты ести сала ауылдық округке аудан әкімі, орынбасары, ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы мен аудан прокуроры барған.
«Мақта бағасы аудандық деңгейде шешілетін мәселе емес. Бүгінде мақтаның бір келісі 250 теңгеден қабылданып жатыр. Бекітілген баға сол. Өткенде 200 теңгеден қабылданған, кейін 250-ге көтерілді. Шаруалар енді 500 теңгеге көтеріңдер деп отыр», - деді Бахытжан Таласов.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы шаруалармен кездесуге мақта өңдеу зауытының өкілі де келді деп отыр. Зауыт өкілі баға Ливерпуль биржасына байланысты екенін, ол жақта мақта құны түсіп жатқанын айтып түсіндірген. Алдағы уақытта өзгеріп жатса, баға көтерілетінін алға тартыпты.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол қозғалысы реттелгенін хабарлады.
«Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады. Жарты сағаттан кейін жол ашылып, көлік қозғалысы қайта реттелді», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.